Пойыздар қозғалысы сенімді қолда

Шахида Жуманова

Шахида Жуманова

Жуырда Маңғыстау станциясында жолаушылар вагонынан ақау табылды. Ол екінші жолда жүруге дайындалып тұрған №309 Маңғыстау-Ақтөбе пойызы құрамының соңғы вагонынан анықталды. Нәтижесінде пойыз уақытынан біраз кешікті. 

Ақауды өзінің түнгі ауысымдағы жұмысында жүрген вагон қараушы-жөндеуші Берік Ізденов пойызға жүрер алдында техникалық қызмет көрсету барысында байқайды. Кәсіби теміржолшы вагонның көзге көрінер-көрінбес ақауын бірден байқап, тексере келе оның қозғалыс қауіпсіздігіне қауіпті, ірі көлемді ақау екені анықталады. 

Талай жылдық тәжірибесі бар қырағы теміржолшы жүк және жолаушылар вагонындағы мұндай олқылықты бірінші рет кездестіріп отырған жоқ. Бұған дейін де екі рет ақауды анықтап, апаттың алдын алған екен. 

− Сағат таңғы 6-8 аралығында төрт жолаушылар пойызы келіп кететін уақыт. Арасындағы келу-кету уақыттары да жақын. Біздің жұмыс сол тұста қыза түседі. Бірінен кейін бірі, жүгіріп жүріп жұмыс істеуге тура келеді. МаңғыстауАлматы, Маңғыстау-Бейнеу пойыздарын қарап болғанмын. 

Маңғыстау-Ақтөбе құрамына бақылау жүргізу кезінде соңғы №17290 вагон буксы оғаштау көрінді. Тексере келе ол расымен букс торабы 10 мм жылжып кетіпті. Негізі ол 1,5 миллиметрден көп болмау керек. Бұл ақаулықты кейін арнайы комиссия да қарап, растады. Жалпы, вагон қараушының күнделікті міндеті ақау жібермеу болғасын, бұл менің негізгі жұмысым саналады. Сол үшін жұмысты адал атқарып, ұятқа қалмасам дегенді әрбір вагон қараушы мақсат тұтады, – дейді Берік Ізденов. 

Алдағы көктемде теміржолшы атанғанына жиырма жыл толатынын айтқан вагон қараушы осы жылдар ішінде қозғалыс қауіпсіздігі жолындағы еңбегі үшін талай рет марапатталған. 

Қозғалыс қауіпсіздігінің үздігі.