Шымкентте болған апат: теміржолжылар жұмыстарын қалай жасады

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

Жуырда, 24 қазан күні Шымкентте 13 вагон жолдан шығып кетіп апат орын алған. Оқиғадан зардап шеккендер мен адам өлімі болған жоқ. Салдарынан 5 жолаушы, 10 жүк пойызы тоқтап, қыруар материалдық шығын келді. 

Оқиға орнына бірінші болып Шымкент станциясындағы №39 қалпына келтіру пойызы келіп жетті.

Регламент бойынша вагон құтқарушылар 40 минутта жетуі тиіс. Құрамында 14 адам бар қалпына келтіру пойызының жұмысшылары түнгі сағат 2-де шығып, екінші жолмен оқиға болған жерге 2.20-да келіп жеткен. Шапшаң қимылдап, ЕДК-500/1 кранын орнатып, сағат 2:45-те тақ жолдағы шашылып жатқан вагондарды жинауға кірісіп кеткен қалпына келтіру пойызының құтқарушылары түні бойы тынымсыз жұмыс істеп, апатқа ұшыраған 7-8 вагонды көтеріп, қосымша жолдарға орналастырды. 

Таң атқан соң ЕДК-500 кранымен 4-ші жолда жұмыс басталды. Түскі сағат 13.00-ге дейін 1-ші жолдағы пойыздардың қозғалысы қалпына келтірілді. Бұл кезде ЕДК-300 кранымен 2-ші жолда жұмыс әлі де жалғасып жатты. Сағат түскі 12-де ЕДК-500 кранымен апаттан бүлінген жартылай вагондарды жөндеуге артып жатты. Он платформа қайтадан жолға қойылған соң 7-ші жолмен келіп, оған контейнерлерді орнатты. 

– Вагондар аударылып қалған жердің қашықтығы бізден 800 метрдей алыс. Негізгі жұмыстарды 24 қазан күні істедік. Түнгі сағат 1.40-та бұйрықты қабылдадық. 2.20-да апат орнында болып, таң атқанша жұмыс істедік. Біздің ең бірінші мақсатымыз жолды ашу болды. Жолда қауіпсіздікке кедергі келтіріп жатқан вагондарды екі жаққа кранмен алып тастадық. Ал 25-26 қазанда қайтадан тастаған вагондарды жинап, басқа вагондарға артып, деполарға жөндеу үшін жібердік, қысқасы, бұл біздің жігіттерге де, техникамыз үшін де үлкен сын болған соң аянып қалмадық, – дейді ВП-39 аға шебері Даниер Махаметов. 

Басшылық теміржолдың «жедел жәрдемінің» регламентке сай, сауатты қимылдап, кәсіби жұмыс үлгісін көрсете отырып, өз міндеттерін жоғары деңгейде атқарғанын атап өтіп, бүкіл құрамға алғыс айтты.