Билет құны қайтарылуда

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Семей ЖТ бөлімшесі бойынша пойызға билетті алдын ала сатып алған жолаушылар билеттерін қайтадан өткізіп, ақшасын толық көлемде қайтара алады. 

Осыған дейін аймақтағы эпидемиологиялық ахуалға байланысты «Алматы 2 – Өскемен 1» және «Нұр-Сұлтан – Өскемен 1» бағытындағы рейстердің саны қысқарған болатын. Сонымен қатар, сапарға шығар алдында барлық жолаушыларға ең кемі үш күн бұрын ПТР-тест тапсыру қажет деген шарт қойылғаны белгілі. Ал, тест тапсырып үлгермегендер жолдан қалатыны анық. Сондықтан билеттің бағасы жолаушыға толық қайтарылып жатыр. 

Дегенмен жолаушылар үшін қолайсыздықтар әлі де туындауда. Мәселен, аталмыш тыйымның алғашқы күнінде пойызға мінбек болған ПТР анықтамасы жоқ 167 адам жолдан қалыпты. Олар Нұр-Сұлтан, Алматы мен Қызылорда бағытында жол жүрмек болған. Әйтсе де, жолаушылардың билет құны 100 пайыз көлемінде қайтарылып беріліп жатыр. Қолында ПТР анықтамасы жоқ азаматтар вокзалға кіргізілмейді, вагонға отырғызылмайды. Санитарлық талап күшейтілген.

Қазіргі күні аймақтағы 10 зертхана, тағы 4 жаңа қан талдау пункті тәулік бойы жұмыс істеп тұрғанымен, сапарға шығушылар үшін кезек азаймай тұр.