Транзиттік пойыздардың тұрақты өсімі сақталуда

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

Әлем елдерін дүрліктіріп, күн тәртібінен түспейтін тақырыпқа айналған «COVID-2019» пандемиясына қарамастан Қазақстан арқылы өтетін барлық бағыттарда транзиттік пойыздардың тұрақты өсімі сақталуда екен. 

Бұл туралы «KTZ Express» АҚ басшысы Дмитрий Абдуллаев алғаш рет онлайн-форматында өткен «PRO//Қозғалыс.1520» көлік форумында мәлімдеді. 

«Біз ел аумағы арқылы тасымалдардың оң динамикасын көріп отырмыз, қаңтар-қыркүйек аралығында барлық бағыттар бойынша өсім – 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36%-ды құрады. Қазақстан арқылы өтетін контейнерлік маршруттар жоғары сұранысқа ие. Қытай – Ресей – Қытай бағытындағы тасымал көлемі биылғы жылдың 9 айында 36 мыңға жуық ЖФЭ-ні құрады. Осылайша, өсім өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 45%-ды құрап отыр», – деп атап өтті ол өз баяндамасында. 

 Форумның негізгі тақырыптары – көлік-логистика қызметтерінің эволюциясына, теміржол саласы және жаһандық экотрендтерге, сондай-ақ көлік саласындағы процестерді цифрландыруға арналды. Оған әлемнің 28 елінен 650 компания қатысты.