Қысқа дайындық қамы

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

Магистральдық желі дирекциясының филиалдарында жыл сайын күзгі байқау алдағы қыс маусымында инфрақұрылымдардың жұмыс істеуге дайындығын тексеру және кемшіліктерді уақытылы жою мақсатында өтеді. 

Биыл да Компания басшылығының нұсқауына сай филиалдарда магистральдық теміржол нысандарына күзгі комиссиялық байқау қыркүйектің 10-ы мен 30-ы аралығында жүргізілді. 

– Күзгі комиссиялық байқау кезінде 10087 км бас жолдың, 3185 км станциялық жолдың, 9711 бағыттауыш бұрманың, 91 байланыс желісінің ауданы, 84 электрмен жабдықтау ауданы, 75 тартымдық қосалқы станциясының жай-күйі тексерілді. Әсіресе, қанағаттанарлықсыз бағасы бар және күрделі жөндеу мерзімі өткен, сондай-ақ, 3, 4 дәрежелі ақаулары бар жол учаскелеріндегі пойыздар қозғалысына қауіп төндіретін ақауларды, қисықтардың, кіші радиус қисықтарының жай-күйін, бағыттамалы бұрмалардың, түйіспелі саңылаулардың, рельстік бекітпелердің және басқа да объектілердің жай-күйін анықтауға және оларды дер кезінде жоюға, техникалық құжаттаманы жүргізуге, қала берді технологиялық процестің кестесін орындауға ерекше назар аударылды. Тексеру қорытындысы жергілікті жерлерде ғимараттар мен құрылыстардың жағдайына қатысты жұмыстардың жақсарғанын анықтап берді, – дейді Дирекцияның техникалық даму департаментінің директоры Маратбек Мырзағұлов. 

Оның айтуынша, Магистральдық желінің барлық бөлімшелерінде бүгінгі таңда күзгі комиссиялық тексеру қорытындысын негізге ала отырып, инфрақұрылым объектілерін ұстау нормаларына қатысты анықталған ауытқуларды жою жөніндегі іс-шаралар әзірленіп, бекітілген. Және де белгіленген мерзімдерге сәйкес жұмыс жүргізілуде екен. Осы ретте, Дирекцияның құрылымдық бөлімшелері тарапынан өздеріне тиесілі шаруашылықтардағы ескертулердің жойылуына бақылау орнатылған.