Сыйластық бар жерде қимастық бар

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Қазалы вагон пайдалану депосының ұжымы Шиелі станциясындағы техникалық қызмет көрсету бекетінің бастығы Дастан Төлегеновті құрметті еңбек демалысына шығарып салды. 

Пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін сақтауға өлшеусіз үлес қосқан вагон шаруашылығының майталманы саналы ғұмырын осы салаға арнаған. 

Депо бастығы Арғын Орымбаев теміржолшы деген ардақты атқа лайық тұлғаны зейнетке ерте шығарып салу рәсімінде арнайы құттықтап, ардагердің иығына шапан жауып құрмет көрсетті. 

Әріптестері ықылас гүлін сыйға тартып, бейнеттің зейнетін көріп, немере-шөберенің сүйікті атасы болып ұзақ та бақытты ғұмыр кешіңіз деген ізгі тілектерін жеткізді. 

– Шиелі техникалық қызмет көрсету бекетінің бастығы Дастан Шаукенұлы біздің депода 40 жылға жуық уақыт жұмыс жасады, талай қиын сәттерде қиядан жол тауып, істің оңай шешілуіне үлес қоса білетін білікті теміржолшы бола білді. 

Ол Шиелі станциясындағы техникалық қызмет көрсету бекетінің басшысы ретінде біліктілігі мен тәжірибесінің арқасында әріптестерінің құрметіне бөленген санаулы жанның бірі болды. 

Алдағы уақытта оның өнегелі істері өндірісте өміршеңдігін жоймай, сақталып қала беретініне сенімім мол, – деді Қазалы вагон пайдалану депосының бастығы Арғын Орымбаев. 

Иә, айтуға оңай болғанмен, 40 жылға жуық жұмысы ауыр, тәртібі қатал теміржол саласында еңбек етуге ердің ері шыдас береді. Оның ішінде Қазалы вагон пайдалану депосының өсіп-өркендеуіне зор үлес қосып, Шиелі техникалық қызмет көрсету бекеті ұжымының алдыңғы қатарлы ұжым болып қалыптасуына атсалысып және кейінгі буын жастардан вагон шаруашылығына бір топ маман дайындап шығарған тарлан теміржолшыға әріптестерінің ықылас-құрметі де ерекше болды. Сыйластық бар жерде қимастық болады деген осы. «Алдағы уақытта шаңырағыңызға шаттық пен бақыт, отбасыңызға береке-бірлік, өзіңізге ұзақ ғұмыр, зор денсаулық тілейміз» деген тілекпен тәжірибелі теміржолшыны қимастықпен шығарып салды. 

Өз кезегінде әріптестерінің тілегіне алғысын білдірген Дастан Шаукенұлы оларға еңбекте табыс тілеп, қашан да көмек қолын созып, тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін жеткізді.