Луговой станциясы Түрксіб деген атауға ие болды

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

ҚР Үкіметінің «Теміржол вокзалы кешенін және кейбір теміржол станцияларын қайта  атау және кейбір теміржол станциялары атауларының транскрипциясын өзгерту туралы» ағымдағы жылдың 23 қазанында қабылданған Қаулысына орай Жамбыл облысындағы Луговой станциясы Түрксіб деген атауға ие болды. 

Бұл биылғы жылы аталып отырған атақты Түрксібтің – Түркістан-Сібір теміржол  магистралінің 90 жылдығына орай күллі теміржолшылар қауымын бір серпілтіп тастаған тамаша тарту болғаны анық. Әсіресе осы істің басы-қасында жүрген ардагерлерді бір қуантып тастады. 

– Бұл – тарихи шешім. Түрксіб темір жолы оңтүстіктен дәл осы Луговойдан, 1927 жылы 21 қарашада салынып басталған. Қазақстанды Сібірмен жалғаған теміржолды біздің аталарымыз жалаң қолмен салып шыққан. Осы ұлы құрылыстың тоқсан жылдығына орай бір топ теміржолшы ардагер осыдан бір-екі жыл бұрын мәселе көтеріп, жоғарыға ұсыныс хат жолдаған едік. Бұл – мыңдаған түрксіб құрылысшыларының сол жанкешті еңбегіне арналған құрмет болмақ, – дейді «ҚТЖ» ҰК» АҚ Консультативтік кеңес мүшесі, ардагер теміржолшы Қалтай Сәмбетов. 

1930 жылы 31 желтоқсанда пайдалануға берілген Түрксіб темір жолы тек Қазақстан үшін ғана емес, Орта Азияның барлық республикаларының экономикасына табысты жұмыс істеп, оларды Қытайдан бастап Ресей, Таяу Шығыс елдері арқылы және Еуропаға дейін жалғаған, бүгінгі таңда да маңызын жойған жоқ, кешегі Ұлы Жібек жолының жаңғырған жобасы болып отыр. 

– Биыл Түрксіб темір жолы құрылысының аяқталғанына – 90 жыл. Қазір жастар Түрксіб деген сөзді ұмытып бара жатыр. Бұл темір жол құрылысының Қазақстан ғана емес, бүкіл Одақ үшін маңызы зор болды. Сол кезде Мәскеудегі «Правда» газеті айғайлатып мақала жазған. 

Мұны салу оңай болған жоқ, адамдардың қанымен, жанымен салынған ұлы құрылыс. Сондықтан Луговой бекетінің Түрксіб деп аталуы өте құптарлық іс болды, – дейді осы іске бастамашы болған тағы бір теміржол саласының ардагері Әби Сарқыншақов. 

Айта кетейік, Үкімет қаулысымен барлығы 12 станцияның атауы өзгерді. Атап айтсақ, Астана-Нұрлы жол – Нұр-Сұлтан-Нұрлы жол, ОП-39 Өндіріс деп өзгертілді. Сонымен қатар, Қарағанды ЖТ бөлімшесі бойынша Весна – Ақжолтай, Промежуточная Мыңбала аталмақ. 

Ақтөбе бөлімшесіндегі Компала Көкала болып ауысты. Солтүстік Қазақстан ЖТ бөлімшесіндегі Новоишимская – Жаңаесіл 2, Володарское Саумалкөл станциясы болып жаңартылды. 

Жаңа атауға ие болған тағы 4 станция Семей ЖТ бөлімшесінің құрамында. Ендігі аралықта Шығыстағы Серебрянка станциясы – Күмістау, Селезновка – Көкжиек, Огневка – Таусамалы, ал Зыряновск Алтай деген жергілікті жерге сай әдемі атаулармен аталынатын болды. 

– Бұл станция атауларының барлығы тарихи мағынаға ие. Яғни, жарасымды әрі өте әділ шешім болды. Олардың ауысуын ұзақ күттік. Әлі де жаңартатын, ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қайта қарастыратын жол айрықтары бар, – дейді семейлік ардагер теміржолшы, өлкетанушы Жазид Машраб. 

Деректерге сүйенсек, соңғы рет еліміздегі станциялар атаулары 2016 жылы өзгертілген болатын. Ол кезде Үкімет қарауына жіберілген 92 станция атауының 90-ы ұсынысқа сай қазақшаланған еді.