Алғашқы вагон-доңғалақ шеберханасы ашылды

Вагон шаруашылығындағы басты проблеманың бірі – доңғалақ жұптарын жөндеуді отандық жөндеушілер игере бастағаны – қуанышты жаңалық.

Өткен аптада Павлодар вагон жөндеу депосының базасында «Қамқор-Вагон» ЖШС-ның алғашқы вагон-доңғалақ шеберханасы ашылды.

Кәсіпорын бұдан былай жүк вагондарын жөндеумен қатар жұп доңғалақтарға да күрделі жөндеу жүргізбек.

Қазіргі күрделі карантин жағдайында ашылып отырған шеберхана вагон жөндеудің толық циклын қамтамасыз ету арқылы көлік компаниясының шығындарын едәуір азайтатын болады. Бірегей кешен болып табылатын вагон-доңғалақ шеберханасы жобасын іске асыруға 170 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалыпты. Алайда, «Қамқор-Вагон» компаниясы салған инвестицияны шеберхана қысқа уақытта ақтап алары анық. Себебі, елімізде жұп доңғалақтарға көрсетілетін қызметке сұраныстың жоғары екеніне қарамастан бұл қызмет түрін көрсететіндер кемде-кем екен. Жаңа шеберхана жоспар бойынша жылына 3000 жұп доңғалақты жөндеу қуаттылығына ие көрінеді.

Павлодар вагон жөндеу депосының директоры Азамат Ибраев бұдан былай жүк вагондарымен бірге бір қақпадан кірген барлық жұп доңғалаққа күрделі жөндеу жүргізіп шығаратындарына сенімді. Оған депо қызметкерлерінің білім-біліктілігі де, жабдықтардың күш-қуаты да жетеді.

Мәселен, шеберханадағы қос әрекетті пресс жабдықтары салмағы 1 тонна 200 келіні құрайтын жұп доңғалақты жеп-жеңіл көтеріп алып, тиісті операцияларды жүргізеді.

Бір қос доңғалақты жөндеуге кететін уақыт орташа есеппен бір сағат шамасын құрайды екен.

Қамқор-Вагонның негізгі тапсырыс берушісі – әрине, ҚТЖ. Келесі жылы вагон-доңғалақ шеберханасы Қарағандыда да ашылады деп күтілуде. «Қамқор-Вагон» компаниясы стратегиялық жоспары шеңберінде осындай цехтарды Қазақстанның бірқатар өңірінде ашуды көздеп отыр. Жалпы, аталған компания жекеменшіктегі өндірістік базаларын үнемі жаңғыртып және жаңалап отырады. Олардың дамуына жыл сайын жұмсалатын инвестиция көлемі 500 млн теңге шамасын құрайды екен.