Шиелі станциясының тіршілігі күзде қызады

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Қызылорда бөлімшесіндегі өзіндік орны бар өндірістік станцияның бірі Шиеліде бекеттің қым-қуыт тіршілігі әсіресе күзде қызады. Өткен қыркүйек айында 453 вагонға жүк тиеу межесін 690 вагонға жеткізіп, жоспарды 152 пайызға орындаған шиелілік теміржолшылар жылды жоғары көрсеткішпен аяқтайтындарына сенімді.  

Өйткені, олар жыл басынан бері 1828 вагонға жүк тиеу межесін 3131 вагонға жеткізіп, жоспарды 171 пайызға орындап отыр. Шиелі станциясы бастығының орынбасары Нұрғали Әбжаппаров ұсынған мәліметтерді таратар болсақ, тек қыркүйек айында жұмыстың қауырт жүргенінің бір көрінісі – 52 пойыздың 2677 вагонын бөлшектеп, 2701 вагонды ағытып, 64 пойызды құрастырып, оған 2711 вагонды тіркепті. Олар бір айға бекітілген статистикалық жүктеме, вагондардан жүк түсіру, жүк құрамаларын бөлшектеп қайта құрастыру, бір жүк операциясы кезіндегі вагонның бос тұруы, вагонға жүк операциясы жасалмай бос тұру, вагон айналымы секілді өндірістік жұмыс жоспарларын жинақтап айтар болсақ, 90 мен 220 пайыз аралығында орындаған екен. 

 – Қалыптасып отырған карантиндік жағдайға қарамастан жыл басынан біздерге жүктелген тапсырмаларды артығымен орындау үшін барлық мүмкіндіктерін пайдаланудамыз. Басқа да жұмыс көрсеткіштерін жалпылай айтар болсақ, орындалу мөлшері 91-257 пайыз аралығында болды, – дейді станция бастығының орынбасары Нұрғали Әбжаппаров.

Осындай өнімді еңбек үлгісін танытып отырған теміржолшылардың жұмыс жағдайы толық жасалған.

Маусымдық жұмыс киімімен түгел қамтылып, киім ауыстыратын, жуынып-шайынатын бөлмелері гигиеналық талаптарға сай жасақталған, әлеуметтік мәселелері толық шешілген.

Теміржолшылардың жұмысы аймақтағы эпидемиялық жағдай қаупі артқан жаз айларында қауіпсіздік шараларына орай аймақтық бас санитардың нұсқауына сай ұйымдастырылып, теміржолшылардың денсаулығын сақтау үшін барлық қажетті алдын алу шаралары жасалған.

Бүгінде қауіп-қатер сейілді дегенмен, маскалық режим, мезгіл-мезгіл дезинфекциялау жұмыстары тоқтатылған емес.

Қазіргі таңда станциялық жолдарды ұзарту жұмысы қолға алынып, оған әзірлік жұмыстары жүріп жатыр, станциялықтар жолшылармен бірлесе отырып жұмыстың қозғалысқа кедергі келтірмейтіндей ұйымдастырылуын басты назарда ұстап отыр.