Тараз станциясында жолаушыларға бетперде таратты

Асхат Райқұл

Асхат Райқұл

Тараз станциясы желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері мен болашақ теміржолшы жастардан жасақталған еріктілер теміржол вокзалында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жолаушыларға медициналық бетперделер таратты және қауіпті індеттен сақтану жолдары мен алдын алу шараларын ескертті. 

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Еріктілер жылы» деп жариялады. Сондықтан да біз жылдың басында Тараз көлік және коммуникациялық колледжінде білім алып жүрген еріктілермен арнайы меморандум жасағанбыз. Сол еріктілер ел басына күн туған кешегі, бүгінгі пандемиялық ахуалда қайырымдылық, көмек шараларына өлшеусіз үлес қосты. Біз де волонтер жастарға ұйытқы болып, олармен бірге жолаушылар пойыздарында, теміржол вокзалында азаматтарға бетперде тараттық. Сонымен қатар күні кеше ғана өңірімізде күшейтілген карантиндік режимнің шектеулерін түсіндірдік», – деді желілік бөлімшенің ювеналдық полиция тобының инспекторы, полиция капитаны Лаура Көпбаева. Оның сөзінше, қазіргі таңда көптеген елдерде коронавирустық инфекциямен күрес жүргізуді күшейту бағытындағы жұмыстар қолға алынуда. Жамбыл облысында, оның ішінде теміржол вокзалында да тиісті шаруалар атқарылады. 

Теміржолдың тәртіп сақшылары «Ақтөбе-Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызында жолаушылармен кездесу ұйымдастырды. 

Басқосу барысында жолаушыларға карантин кезінде сақтық шараларын сақтау, қоғамдық орындарда міндетті түрде бетперде кию қажеттігін еске салды. Көпшілік полиция қызметкерлері мен еріктілердің бұл еңбегіне ризашылықтарын білдірді.