Ақтөбе станциясының техникалық кітапханасына 85 жыл

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Ақтөбе станциясының техникалық кітапханасы – Қазақстан темір жолы бойындағы ең көне кітапханалардың бірі. Қызметін 1935 жылы теміржолшылардың мәдениет үйінде бастаған кітапхана содан бері теміржолшылардың рухани ордасы болып келеді.

Ғасырға жуық уақыт ішінде теміржолшылардың білім көкжиегін кеңейтіп, кәсіби шеберліктерін арттыруға қызмет етіп келе жатқан кітапхананың бай тарихы ғана бар емес, кітап қоры да бай. 

Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесіне қарасты ғылыми-техникалық орталық басшысы Майра Өмірзақованың айтуынша, онда 34 мыңнан аса кітап қоры бар. 

2014 жылдың қаңтарынан бастап электронды кітапхана модулін қалыптастырды. 

– Электрондық кітапхана құжаттары корпоративті желінің барлық пайдаланушылары үшін шектеусіз қолжетімді. 2019 жылдан бастап «Сауда-саттық журналдарының электрондық нұсқалары» жаңа сервисі енгізілді. Электрондық каталог құру бойынша жұмыс жалғасуда. 2019 жылдан бастап кітапхана қызметкерлері техникалық кітапхананың кітап қорын цифрландыруға кірісті. Кейінірек «ҚТЖ» ҰК» АҚ Техникалық орталығы барлық техникалық кітапханаларының цифрландырылған қорларымен бірыңғай электрондық цифрлық кітапханаға біріктіріледі, – дейді Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесіне қарасты ғылыми-техникалық орталық басшысы Майра Өмірзақова. 

Орталыққа келушілердің сиремеуі кітапханашылардың жауаптылығына да байланысты.

Ғаламдық желіні шебер меңгерген олар кеңес беруде мүдірген емес. Келушілерге жоғары сапада қызмет көрсетіп келеді. Кітапханашылар жол бөлімімен ғана емес, мәдениет үйі, қала және облыстың көптеген іс-шараларына белсенді қатысады. Кітапхана іші түрлі стендтер, көрмелер және плакаттармен безендірілген. 

Кітапхана қызметкерлері жаңа кітаптар мен арнайы әдебиеттердің жетіспеушілігі, оқу залы мен қосалқы бөлмелердің болмауы сияқты қиындықтарға қарамастан табысты жұмыс істеп келеді. Оның есіктері теміржолшылар үшін ғана емес, барлық кітапқұмарлар үшін әрқашан ашық. 

– Жұмыстың жаңа форматына көшу кезінде біз техникалық кітапханалардың қорын сақтауымыз керек екенін атап өткім келеді. Біздің қонақтар, әсіресе аға буын өкілдері кітапты немесе мерзімді басылымды алып, онымен жұмыс істегенді ұнатады. Сондай-ақ, кітапхананы пайдаланушылардың негізгі санаты теміржол көлігі мамандары, студенттер, қажетті материалдарды тек бастапқы көздерден табатын орта мектеп оқушылары да бар, – дейді Майра Өмірзақова.