Теміржол өткелінде жүк пойызы мен автобус соқтығысып қалды

Шахида Жуманова

Шахида Жуманова

Маңғыстау темір жолының Өмірзақ ауылы тұсындағы теміржол өткелінде жүк пойызы мен автобус соқтығысып қалды. Жол-көлік оқиғасы 15 қазан күні Нұр-Сұлтан уақытымен таңғы сағат 7:50 шамасында болған. 

Облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысының мәлімдеуінше, автобус жүргізушісі жүк пойызының келе жатқанын байқамаған. Оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылған. Оқиғадан зардап шеккендер жоқ. Дегенмен теміржол мүлкіне белгілі дәрежеде зақым келген. Аяққа арналған тіреу болттары бүгіліп, жыртылған. Соңғы клапанды бекіту краны бүгілген, негізгі құбыр кронштейн аймағында бүгілген. 

СА-3 автоматты қосқышында соқтығысудың іздері бар.

− Бұл оқиға болған өткел бізге жатпайды. Дегенмен Маңғыстауда болғасын бей-жай қарап отыра алмаймыз. Біз де өз тарапымыздан осындай деректердің қайталанбауы үшін жұмыстанудамыз. ДЭУ маркалы мемлекеттік нөмірі № 176 YO автокөлігімен 27 вагоны бар мұнай өнімдері тиелген жүк пойызы соғысқан. Ол «Petroleum» ЖШС меншігінде болған. Соңғы жоспарлы жөндеу 2019 жылғы желтоқсанда Павлодардағы вагон депосында өткен. Енді деполық жөндеуді қажет етеді. 

Теміржолдың қауіпті аймақ екенін білсе де азаматтар сақтықты ұмытып кететіні бәрімізді қынжылтып отыр. 

Өткелдерде автокөлік жүргізушілері қажетті ережені сақтамай, осындай оқиғаларға ұрындырады. 2017 жылы Өзендегі теміржол өткелінде болған жағдай баршаға сабақ болуы тиіс. Сондықтан біз бөлімше бойынша автокөліктер көп өтетін бес теміржол өткелінің бәріне де бейнебақылау қойдық. Олар – күзетілетін, шлагбаумы, сигнализациясы бар өткелдер, – дейді оқиға туралы мәлімет берген Қозғалыс қауіпсіздігі департаментінің Маңғыстау аймағы бойынша бас ревизоры Болат Дүйсәлиев.