Шекарада жағдай тұрақты

Косуим Мукашев

Косуим Мукашев

Эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне байланысты Атырауда карантин тағы да ұзартылды. Соған орай, облыстық мемлекеттік санитарлық бас дәрігер А.Шаровтың кезекті қаулысы шығып, онда өңірдегі карантин шараларын қатаң сақтау және шекарааралық қатынаста инфекцияның таралуына жол бермеу тәртібі бекітілген. 

 Атырау облысы Ресейдің Астрахань облысымен шектеседі. Халықаралық қатынастардың тоқтауына байланысты бұл бағыттағы жолаушы пойыздары жүріп жатқан жоқ, бірақ Ганюшкино станциясындағы теміржолшылар өз жұмысын жалғастыруда. Атап айтқанда, станция кезекшілері, вагоншылар, жүк кассирлері, локомотившілер, т.б. мамандар шекара арқылы өтіп, Ақсарай станциясына барып жұмыстарын бітіріп келеді. 

Сол секілді Ресей теміржолшылары да бергі бетке өтеді. Соған сәйкес бас дәрігердің қаулысында «ҚТЖ» ЖШС Атырау филиалына COVID-19 инфекциясының таралуына жол бермеу, Ганюшкино станциясында жұмысшыларды міндетті термометриядан өткізуді қамтамасыз ету тапсырылған. Ганюшкино станциясының бастығы Теңел Исмагуловтың айтуынша, станцияда эпидемиологиялық шаралар қатаң сақталып отыр. Жұмысқа келген сәттен барлық жұмысшылар термометриядан өтумен қатар дәрігерлік тексеруден де өтеді. Олардың жалпы денсаулығы қаралып, қан қысымы өлшенеді, жұмысқа қабілеттігі тексеріледі. 

Одан бөлек әр төрт сағат сайын дене қызуы тексеріліп отырады. Бір және көп реттік бетперде, антисептик, басқа да қорғаныш құралдарымен барлық жұмысшылар қамтамасыз етілген. Шекарадан әрлі-берлі өткен сайын да үнемі тексеріліп отырады. Ресей жағында да сондай шаралар қарастырылған. «Қазіргі уақытта қауіпті жағдай тіркелген жоқ, барлық жұмысшылар аман-сау. Жұмыс қалыпты деңгейде жүріп жатыр» дейді станция бастығы.