Нұр-Сұлтан-1 станцияға экскурсия ұйымдастырды

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

«Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының «Жас Өркен» жас мамандарды дамыту бағдарламасы аясында іріктелген бір топ жастар Нұр-Сұлтан-1 станциясына экскурсияға келді. Оларды «ҚТЖ» ҰК» АҚ адами ресурстарды басқару департаментінің бас менеджері Ақмарал Байғабылова бастаған тәжірибелі тәлімгерлер станция жұмысымен таныстырды. 

Сол жастардың бірі, «Жас Өркен-2020» бағдарламасының жас маманы Жақсылық Мулдакуловтың мақсаты – осы мүмкіндікті пайдаланып, қорға қарайтын бірнеше компанияда тәжірибе жинақтау және болашақта HR саласында басқарушы болуға дайындалу.

Оның бірінші ротациясы ҚТЖ-да, соның ішінде адами ресурстарды басқару департаментінде өтетін болыпты.

– 14 қазанда осы бағдарлама жастарына елорда станциясының дөңес қосынына экскурсия ұйымдастырылды. Мұнда біз бірнеше бағыт бойынша дөңес алды паркке келетін пойыздардың қалай құрастырылатынын көрдік. Ротация 14 қыркүйекте басталды, енді келесі жылдың 29 қаңтарына дейін осы ҚТЖ-да жалғасады.

Сосын тағы 3 компанияға барамыз. Әр компанияға 5 айдан уақыт берген, жалпы барлығы сонда 2 жыл осы бағдарлама аясында тәжірибе жинақтаймыз, – дейді ол.

Аталған бағдарламаға биыл іріктеудің 5 кезеңінде жеңіп шыққан 25 маман қабылданды. Соның ішінде 4 жас маман ҚТЖ-ға бөлінген. Соның бірі Жақсылық HR саласына бөлінсе, Темірлан – PR, Владимир – Қозғалыс қауіпсіздігі департаментіне, ал Айжан Жолаушылар тасымалына бөлінді.