Маңғыстауда күрделі жөндеу межеге жақын

Шахида Жуманова

Шахида Жуманова

Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесі бойынша биылғы жылға жоспарланған ірі жұмыс – жолға 13 шақырымдық күрделі жөндеу жүргізу болатын. Құрылыс жұмыстарын қараша айында бітіру межеленген еді. Дегенмен қазірдің өзінде жоспардың 85 пайызы орындалды.

Күрделі жөндеу 19 қыркүйекте басталған еді. Ол Маңғыстау теміржолының №13 бекет пен Шетпе станциясы аралығындағы 13 шақырымды қамтиды. Бүгінде содан 11 км жол табанын күрделі жөндеу аяқталды, түйіспелі рельстердің орнына түйіспесіз рельстер төселіп, ағаш шпалдардың орнына темірбетонды шпалдар салынуда. 

− Күрделі жөндеу жұмыстары бітуге таяп қалды. Жөндеу аяқталғасын Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесі бойынша жол жағдайы бүгінгіден де жақсара түспек. 

Жолдың сапасы артып, қозғалыс та көтеріліп, барынша қолайлы жағдай туады. Қоршаған ортаға шығатын шу азаяды. Түйіспесіз жолдың буынды жолдан айырмашылығы түйіспелерге жұмсалған бекітпелер үнемді болады. Темірбетонды шпалдардың да қызмет көрсету мерзімі ағаш шпалға қарағанда 3-4 есе жоғары, – деді Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесі жол бөлімінің бастығы Марлен Көктеубаев. 

Күрделі жөндеуді жүргізіп жатқан мердігер компания «Теміржол жөндеу» ЖШС қарасты «Ақтөбе» ЖМС осы салаға маманданған, тәжірибесі мол мекеме болғандықтан сапаға сын болмайды деп сендіріп отыр. Арнайы техника және адамдары бар, жеті вагонмен Шетпе станциясына келіп қоныстанған мердігерлер күздің жаймашуақ күндерін пайдаланып жұмысты қарқынды жүргізіп жатыр. 

Сонымен қатар, бөлімше бойынша жыл басынан бері жолдың жағдайын жақсарту мақсатында бүйірлік тозуға байланысты №12- 13 бекет аралығында ескі материалдармен 1 км рельс ауыстырылған.

Сам-Ноғайды-Тұрыш, Өзен-Бастау аралықтарына 62 км малға қарсы қоршау салынған. 24 км қоршау жөндеуден өткізілген. Теміржол өткелінде жол-көлік оқиғалары мен кептелістер орын алмау үшін және жүргізушілердің жүрісін бақылау мақсатында теміржолшылар жергілікті әкімшілік пен полициямен бірлесіп біраз жұмыстар жүргізілген.

Мың жарымға жуық автокөлік жүргізушісіне «Теміржол өткелінен өту ережесі» таныстырылған. 

Жаңаөзен қаласының 181 шақырымында орналасқан теміржол өткелі маңына бейне бақылау орнатылған. Маңғыстау станциясының 2 шақырымында орналасқан өткелдегі автожолды кеңейту жоспарланып отыр екен. 

Өткен тоғыз айда қозғалыс қауіпсіздігін бұзу дерегі тіркелмеген. 

Жол өлшегіш вагонының бақылау тексерісі қорытындысы бойынша жол күтімі 62 бірлікке орындалған немесе 107 пайызды құраған.