ҚТЖ-ға қайтаруды сұрайды

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

«Маңғыстау-Ақтөбе» бағытындағы жеке тасымалдау компаниясының жолсеріктері «ҚТЖ» ҰК» АҚ-нан көмек сұрайды. 

Айтуларынша, жекенің қолына өткелі теміржолшылардың ғана емес, тасымал қызметінің де сапасы төмендеп кеткен. 

Күніге қатынайтын үш құрамда 6 бригада бар. Онда 132 адам еңбек етеді. Тасымалдаушы компанияның бас кеңсесі Ақтауда. Осыған дейін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының Жолаушы тасымалы қарамағында болған маршрут бір жыл бұрын жеке тасымалдаушының қолына өткен. Жолсеріктер содан бастап шаруаның шырқы бұзылды деп отыр. 

«Жазда пойыздың бәрі дизельмен жүрді. Өрт қауіпсіздігі сақталмайды.

Көлікті бақылау комитеті, санитар мамандар қайда? Талабымыз – тасымал қызметін ҚТЖ-ға қайтып берсін. Ұлттық компанияның құрамында бәрі бақылауда болатын», – дейді жолсерік Гүлшат Сисенова. 

Салада 20 жылдан аса еңбек етіп жүрген жолсеріктер ескі вагон азабын әбден тартқандарын жеткізді. Вагон ішінде қарапайым ток көздері де жоқ. Ал жеке серіктестік жолсеріктердің сөзімен келіспейді. 

«Вагон лас емес, тазалық жұмыстарын жүргізетін компания бар.

Қауіпсіздік сақталған. Біздің компанияға бір жыл болды. Жайлапжайлап вагондар да өзгертіледі», – деп уәж айтады «OTPAN LOGISTIC» ЖШС-нің Ақтөбедегі өкілі. 

Жергілікті басшылардан мардымды жауап ала алмай отырған жолсеріктер шағымдарын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен көлік прокуратурасына жолдамақ.