Жүк айналымы жоғарылады

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Семей ЖТ бөлімшесі бойынша биылғы күз айлары, әсіресе қозғалыс шаруашылығы қызметкерлері үшін мейлінше күрделі өтуде. Оның өзіндік себебі бар. Карантиндік шектеулердің жеңілдеуіне орай жүк тиеу мен тасымалының артуы, оның сыртында көмір жеткізу бойынша тапсырысқа сай өзге бөлімшелерден жиналатын вагондар санының көптігі, күрделі және күшейтілген орташа жөндеулерге байланысты желі бойындағы толаскездер осыған ықпал етіп отыр.

Ағымдағы жылы бөлімше бойынша әсіресе қозғалыс шаруашылығында ілкімді жұмыстар жүргізілді. Бірінші кезекте жоспар бойынша қолға алынған шара жүк айналымын арттыру мақсатында вагондардың бос уақытын қысқарту және локомотивтерді ұтымды пайдалануды қалыптастыру болды. Осы себепті әсіресе ірі тораптық станциялардағы маневрлік жұмыстар, жүк пойыздарын құрастыруға баса мән берілді. Осылайша биылғы жылдың 10-шы қазаны бойынша жүк айналымы 111,8 пайызды көрсетті. Сол тәрізді Дегелең, Жаңғызтөбе, Жаңа-Семей станцияларындағы техникалық процестердің есебінен жүк тиеу көрсеткіші де айтарлықтай жоғарылап отыр. 

Аталмыш шаралардың аясында контейнерлік пойыздарды кедергісіз өткізіп жіберудің де үлесі жоғары. 

Ал, жылжымалы құрамдарды жасақтап, жылдам аттандыруда маңызды орын алатын жергілікті вагон айналымы 105,3 пайызды құрады. Мұның барлығы өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда анағұрлым жоғары көрсеткіш саналады. Аталмыш шара аясында диспетчерлер, әсіресе, көршілес бөлімшелерге жіберілетін вагондар бойынша тиімді жұмыс жүргізді. Сол тәрізді Ауыл, Дегелең, Жүзағаш, Таңсық, т.б. тәрізді аралық станцияларда тастанды пойыздардың қалыптасуына мүмкіндігінше жол берілген жоқ. 

Алайда, жалпы көрсеткіш бойынша өткен 9 айдағы ахуалға тоқталар болсақ, вагон шаруашылығындағы жұмыс барысын әлі де ширату қажет. Бұл орайда бөлімшедегі өндірістік-техникалық бөлім мамандары осыған дейінгі көрсеткіштерді сараптай отырып шешімді тұжырым жасауда. 

Қозғалыс шаруашылығында маңызды рөлі бар телімдік жылдамдық та 100,2 пайызға артып отыр. 

Бұл бағыттағы шаралар өз кезегінде локомотивтердің тәуліктің өнімділігінің артуына да оң ықпал еткен. Әйтсе де, техникалық жылдамдық 0,23 км/сағ. төмендетілген. 

Оған өндірістік жөндеулер бойынша жүргізілген толаскездер мен кейбір телімдер бойынша ескертуге орай жылдамдықты шектеу себеп болыпты. 

Бүгінгі таңда семейлік теміржолшылар жыл аяғына дейінгі орындалуы тиіс межелі шараларды қабылдап, жүзеге асыруға қызу кірісуде. Атап айтсақ, эксплуатациялық жұмыстар бойынша толық орындалмаған көрсеткіштермен іс жүргізу қажеттілігі туындап отыр. Аталмыш тарапта кешенді жұмыс жүргізу керек. 

Бір бұл емес, алдағы уақыттарда күш салу қажет мәселелер жетерлік. Мәселен, телімдік жылдамдық пен техникалық жылдамдықты әлі де арттыра түсу, пойыздардың жол жүру жылдамдығына мүмкіндігінше шектеу қоймау шаралары межеленіп отыр. 

«Карантиндік шектеулер жұмыс барысын ширатуға біршама кедергі болғаны рас. Сол себептен жылдың соңына дейін бөлімшедегі қозғалыс шаруашылығы бойынша жоспарланған бірқатар тапсырмаларды жүзеге асыру міндеті тұр», – дейді бұл орайда Семей ЖТ бөлімшесінің жауапты мамандары.