Ерейментау - айсары бағыты қосылды

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Екібастұз локомотив пайдалану депосы бұрын тек ЕкібастұзНұр-Сұлтан бағытында ғана қызмет етіп келсе, биыл жыл басынан бері депода жаңа Ерейментау-Айсары бағыты ашылды.

 Бүгінгі таңда локомотив пайдалану депосында 784 адам еңбек етеді. Оның ішінде 315 машинист, 297 машинист көмекшісі бар. Депоның Ерейментауда бір ғана айналым депосы жұмыс істеуде. Паркте 78 локомотив бар, былтыр 63 локомотив болса, жаңа бағыттың ашылуына орай 15 локомотивпен толыққан. Оның төртеуі – ТЭ33А сериялы Evolution тепловоздары. Депо бастығы Әмір Такишевтің айтуынша, Күзгі комиссиялық тексеру кезінде локомотивтер қысқы уақытта жұмыс істеу режиміне көшірілді. Локомотив паркінің артуына қарамастан биыл жоспардан тыс жөндеу азайып отыр екен. Биыл локомотивтерге 868 рет жоспардан тыс жөндеу жүргізіліпті, бұл көрсеткіш былтыр 939 болған. 

 – Биыл барлығы 110 адам қызметке алынды. Соның ішінде 50 адам Ерейментау-Айсары бойынша жаңа телімге бөлінді. Бұл алғашқы қыстаушылар үшін оқыту мен тәжірибелік сабақтардың бөлек бағдарламасы жасалды. Олар бір мезгілде бес адамнан, қашықтық сақтай отырып, техникалық сабақтан өтуде. Ал басқа қызметкерлер сабаққа ЗУМ арқылы онлайн форматта қатысуда. Осы форматта 70 пайыз қызметкер сабаққа қатысты. Қалғандары барлық нормативтік техникалық құжаттамалар енгізілген электронды мәліметтер базасы арқылы оқудан өтуде. Олар оқытқан қызметкерден немесе инструктордан тапсырма алады, алдағы қысқа жұмысшылар 97 пайыз арнайы киіммен қамтамасыз етілді, – дейді депо бастығы. 

Депоның қоршаған ортаны қорғау бойынша инженер-технологы Динара Мамырбекованың айтуынша, биыл депода Тұрмыстық қатты қалдықтар үшін 14 жаңа контейнер, әкімшіліктұрмыстық корпуста қоқыстың түрлеріне қарай жаңа пластикалық контейнерлер қойылған. Жалпы депода соңғы кезде ғимаратты жөндеуге ерекше көңіл бөлінуде. Диодты заманауи шамдармен жаңартылып, локомотивтерге техникалық қызмет көрсету орындарында прожекторлар жаңасына алмастырылды. Бұрын ғимарат ішінде тамақ ішетін орында артық иісті соратын құрылғы болмағандықтан бөлмелерден тамақ иісі шығып тұратын. Енді асханадағы кәсіпкерлермен келісімшарт жойылып, оның орнына инструкторлар үшін екі кабинет жасақталған. 

Өндірістік қауіпсіздік жөніндегі жетекші маман Тамара Гимадиеваның айтуынша, соңғы бір жылда депода қысым арқылы гидравликалық сынақ жүргізіліп, құм құрғату шаруашылығының жабдықтарына, компрессорларға техникалық қызмет көрсетілді. Ал жөндеуді бақылау бөлімінің бастығы Әуезнұр Әліп бұрын тепловоздарға жөндеу тек Семей станциясында ғана жүргізіліп, сондықтан жөндеуге жіберу және әкелуге көп уақыт кететінін, ал таяу уақыттан бастап жөндеу жұмыстарын Ерейментау станциясында «ТМЗ Сервис Қазақстан» ЖШС жүргізетінін, бұл деподан локомотив жөнелту уақытын біршама қысқартып отырғанын жеткізді. 

Бүгінде карантиндік шектеу шараларын сақтай отыра жұмыс жүргізетін депоның кіреберісінде маска режимінің қатаң сақталуы мен вирустың таралуына жол бермеу жөнінде ақпарат ілінген. Кіреберісте келген адамның бірден қызуын өлшеп, журналға тіркеп алады. Жартылай карантиндік режимде жұмыс істегеніне қарамастан депода өндірістік процесс толық сақталған. 

Депо бастығының өндіріс бойынша орынбасары Болат Сарыбай келесі жылы мекемедегі барлық қабырға стендтерін жаңарту жоспарланып отырғанын жеткізді.