Қызылордалықтар көші басталды

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Ұлттық компания шеңберіндегі трансформациялау жобасы аясында қолға алынған үлкен жоба – Ақтөбе пойыздар қозғалысын басқару орталығында өз қызметтерін жалғастыру үшін қызылордалық диспетчерлердің алғашқы легі аттанды. 

Бөлімше аралық мамандардың ауыс-түйісі «ҚТЖ» ҰК» АҚ көлемінде жүзеге асырылып жатқандықтан Қызылордадан Ақтөбеге көш басын түзеген диспетчерлердің алғашқы тобы 18 қазанда Ақтөбедегі орталықта алғашқы жұмыс күнін бастайтын болады. 

Жалпы жұмыс орнын АЦУП-қа ауыстыратын диспетчерлердің ұзын саны отыз шақты болса, олардың құрамында 23 пойыз диспетчері, 2 бөлімше кезекшісі мен 5 локомотив диспетчері бар. Бөлімше директоры Аманкелді Арысбаев аталған жағдайға қатысты арнайы жиында түсіндіру жұмыстары жасалды, әріптестерін шығарып салу рәсімінің соңында естелік суретке түсіп, жаңа орнында сәттілік тіледі. 

 – Әр аймақтағы бөлімше диспетчерлерінің бір орталыққа шоғырландырылуы ҚТЖ-ның тарихи жобасы болып отыр. Бұл – біздің бөлімше үшін де, осы үлкен жобаға атсалысуға аттанып бара жатқан әрқайсыңыз үшін де тарихи әрі маңызды оқиға. Жолаушы және жүк тасымалын басқару процесін автоматтандыру, сандық жүйе негізінде іс-қимыл жасау компанияның дамуына айтарлықтай әсер етеді. Нәтижесінде шығындарды барынша азайтып, табысты арттыруға мүмкіндік молаяды деп күтілуде. Осыған орай компания бойынша алдын ала жоспарланып белгіленген кестеге сәйкес біздің 30 шақты диспетчеріміз Ақтөбе пойыздар қозғалысын басқару орталығына аттанғалы отыр. Диспетчерлердің қай-қайсысы болмасын кәсіби біліктілігі жоғары, компания басшылығы тапсырған жұмыстарды мүлтіксіз әрі жоғары жауапкершілікпен атқарады деп сенеміз. 

Бұл – өңір теміржолшылары тарапынан талай мәрте дәлелденген үрдіс. Сондықтан Ақтөбеге барып жұмыс жасайтын әріптестеріме жаңа жұмыс орнында абыройлы болып, жерлестерінің артқан сенімін ақтаңыздар дегім келеді. Сапарларыңыз сәтті, еңбектеріңіз табысты болсын, – деп ақжолтай тілегін білдірді диспетчерлерді шығарып салуға келген бөлімше директоры Аманкелді Арысбаев. 

Батыс өңіріндегі диспетчерлік орталықтарды Ақтөбе қаласында біріктіріп шоғырландыру пилоттық жобасынан Ұлттық компания үлкен үміт күтіп отырғаны белгілі. 

Батыс өңірінен төрт бөлімшенің тәжірибелі диспетчерлерінен жинақталған мамандар да осал емесі белгілі.

Ақтөбеге осыған дейін Атырау, Маңғыстау мамандары көшіп барса, енді олардың қатарын қызылордалықтар толтыратын болады. Қазан айының 15-нен басталған өңір диспетчерлерінің көші айдың 24-не дейін жалғасып, енді әр топта 4-5 теміржолшыдан жасақталып жүргізіледі. Ең соңғы диспетчер Қызылордадан 24 қазанда аттанып, 28 қазанда орталықта жұмысқа кірісетін болады деп күтілуде. Диспетчерлердің жатын жайы, әлеуметтік, тұрмыстық жағдайы түгел қарастырылған.