Жамбыл облысы бойынша көмір жеткізу жалғасып жатыр

Асхат Райқұл

Асхат Райқұл

Қыс қыр астында тұр. Сондықтан барлық жерде көмір тасымалы белең алған. Жамбыл облысы бойынша көмір пайдаланатын тұрғындарға қатты отынды жеткізу жалғасып жатыр.

Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесі логистика қызметінің басшысы Бауыржан Ұстаевтың мәліметінше, қазіргі таңда қажетті көмірдің 70 пайызға жуығы қоймаларға түсірілген.

«Биылғы жылға тұрғындардың тұтынуына қажетті 246,7 мың тонна көмірдің 170 мың тоннадан астамын жеткізіп үлгердік», – деді ол.

Жауапты маманның сөзіне қарағанда, аймақта көмірді ең көп тұтынатын Шу ауданының тұрғындары екен. Онда түсірілуі тиіс 55 мың тонна көмірдің бүгінге дейін 30 мың тоннаға жуығы жеткізілген.

Ал Жамбыл, Т.Рысқұлов аудандары таскөмірмен толық қамтылыпты. Биыл көмірдің бағасы былтырғыдан аса өзгере қоймаған.

Станцияларға дейінгі келісімшартқа сай баға бағамы 10400-16000 теңгенің аралығында сақталып тұр. Ал қоймадағы бағасы 11000 теңгеден басталып, 18000 теңгеге дейін көтеріледі екен.