Корпоративтік блогер анықталды

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Ұлттық компанияда «100 жас есім» жобасының аясында өткен 3-модульдік оқыту кезінде жастар арасынан «Корпоративтік блогер» үздіктері анықталды. Сол бойынша тапсырмалардың орындалуын бағалаған НR командасы корпоративтік блогер бола алатын 21 жас маманды таңдады. 

Сол үздіктердің ішінде Екібастұз локомотив пайдалану депосы өндірістік қауіпсіздік және экология секторының бастығы Ержан Келдібаев та бар. 

– Модуль 5 күннің ішінде өткен болатын. Күн сайын біз әртүрлі тапсырма орындадық. Әлеуметтік желідегі парақшаларымыздың сторисіне модуль туралы видео түсіріп, өзіміз жайында, оқу кезінде үйреткен тақырыптар жайлы пост жаздық. Оның бәрін арнайы хэштег арқылы белгілеп отырдық. Осы жұмысымды басшылық жоғары бағалап, мені корпоративтік блогерлердің үздік жиырмалығына енгізді, – деп қуанышымен бөлісті жас маман. 

Ержанның әкесі құрылысшы. Екібастұз қаласының көптеген ғимараттарында оның қолтаңбасы бар. Екі қыздан кейін ұл күткен әулетте Ержан және Нұржан деген егіз бала дүниеге келіпті. Әкесінің кеңесімен Ержан 2003 жылы теміржол саласына грантқа оқуға түседі. 

Оқуын үздік дипломмен тәмамдаған ол еңбек жолын Екібастұз локомотив депосында инженер-технолог болып бастайды. Ол депоның қарамағына стратегиялық маңызды Екібастұз-Астана және Ерейментау-Айсары темір жолдары кіретін. ЖОО-да алған мықты білімі және сараптай алатын қабілетінің арқасында Ержан қызметте тез көтерілді. Аз жылда жетекші инженер-технолог, локомотив жөндеуді бақылау бөлімінің бастығы болып, Екібастұз локомотив пайдалану депосы өндірістік қауіпсіздік және экология секторының бастығы қызметтерін атқарды. Сол жылдары ол рационализаторлық ұсыныс беру саласында көп еңбек сіңірді. 2019 жыл өндірістік қауіпсіздік саласында жұмысшыларды бақылаудың бірыңғай базасын енгізді. Сонымен қатар арнайы жұмыс киімдерін алудың электронды картотекасын іске қосты. Былтыр оған осындай еңбегі үшін «Үздік маман» атағы берілді. 

– Мен өзгелерден ерекше болайыншы деп алдыма мақсат қойған емеспін. Жай ғана өз жұмысымды жақсы көремін. Яғни, тек берілген тапсырманы ғана орындап қойып отыра бермей, жұмысты алға бастыратын қосымша үлесімді де қосқым келеді. ҚТЖ жастар форумына былтырдан бері қатысамын. «Жоба менеджменті» байқауына қатысып, өндірістік қызметті басқарудың автоматтандырылған жүйесі атты тақырыпты зерттедім. Оны басшылық ең үздік жобалардың бірі ретінде таңдап алып, мен өз жобамды басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевтың алдында қорғадым. Артынан «ҚТЖ-100 жас есім» жобасына мені де алды. Биыл ақпан айынан бастап компаниямыздың ішкі тренерлері қатарына өттім. Наурыз айында «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ өндірістік қауіпсіздік бойынша атқарушы директоры Айтым Құрақбаевтың қолынан «Еңбек қорғау және кәсіби аурулардың алдын алу» семинары аясында ең үздік баяндама жасағаным үшін грамотамен марапатталдым. Осындай үлкен мүмкіндіктер ұсынатын, бізді дамытуға бар жағдай жасайтын ҚТЖ компаниясына алғысым шексіз, – дейді Ержан. 

Жас теміржолшының қабілеті өз туған қаласы туралы жазбалары арқылы да көрініс табады. 2016 жылдан бастап ол Екібастұз туралы инстаграмм блог жүргізеді.