Экономикалық тиімділік - 25 млн теңге

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС екінші деңгейлі Техникалық кеңес отырысында теміржолшылардың өнертабысы, рационализаторлық ұсыныстар мәселесі көтерілді. Жиында теміржолшылар ұсынған рационализаторлық ұсыныстардың экономикалық тиімділігі 25 млн-нан астам теңгені құрағаны белгілі болды. 

Жиын қорытындысында 33 жаңашылдық ұсыныс рационализаторлық сипатта деп мойындалды. «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен оның еншілес ұйымдарының рационализаторлық қызмет ережелеріне сәйкес тиімділігі дәлелденген жаңашыл ұсыныс барлық жол бөлімшелеріне енгізіледі. 

Ал олардың авторларына материалдық сыйақы беріледі. 

Еңбек жағдайы мен пойыздар қозғалысы қауіпсіздігін жақсартуға, технологиялық үдерісті жетілдіріп, құрылғылардың сенімді жұмысын арттыруға көмектесетін жаңа тәсілдерді бірқатар ұжымдар ұсынды. Атап айтқанда, Қарағанды локомотив пайдалану депосы қысқы мерзімде құбырларды жылытатын құрылғы жасап шығарды. Ал Алматы локомотив пайдалану депосы KZ4Ac, KZ4Aт сериялы электровоздарға 

механикалық әдіспен құрғақ құм экипировкалау үшін құрылғы ойлап тапты. Сол сияқты ТЭМ2,ТЭМ-18 сериялы тепловоздар үшін букстық торапқа майды ашпай-ақ құюға арналған құрылғыны Бурабай курорты және Есіл локомотив пайдалану деполары бірлесе жасап шығарған. 

Технологиялық үдерістерді жетілдіру үшін Ақмола бөлімшесі ТЭМ-2, ТЭМ-18 сериялы тепловоздарға аккумулятор батареяларын зарядтауға жарықпен белгі беру ұсынысын берді. 

Өткен 9 айда станциялар мен локомотив пайдалану және вагон пайдалану деполарынан шамамен 200-ге жуық рационализаторлық ұсыныстар түскен, соның бәрінен экономикалық тиімділік жоғарыда айтылған сомада болды. Соның ішінде 161 еңбек рационализаторлық сипатта деп танылды. Инновациялық идеясы үшін авторлар мен қосалқы авторларға 5 млн теңгеден астам сыйақы төленді. 

«ҚТЖ» ҰК» АҚ жақсы, тың идеяларды жоғары бағалауды жолға қойған. Себебі рацұсыныстарды қарау, бағалау және авторларға сыйақы беру бойынша енгізілген жүйелер теміржолшыларды жаңа техникалық шешімдер ұсынуға ынталандырады. Тоқсан сайын жол бөлімшелерінде «Үздік рационализатор» салалық байқауының қорытындысы жасалады. Оның басты мақсаты – жұмысшылардың техникалық тұрғыдағы шығармашылығын жандандыру. Байқауға рационализаторлық сипаттағы және енгізгенде экономикалық немесе басқа да оң тиімділігі болатын, сонымен қатар бірегей, тың ұсыныстар қабылданады. Биылғы байқау жеңімпаздарына рационализаторлық ұсыныстар үшін авторлық сыйақы беруден бөлек жүлде алған орындары үшін де сыйақы берілді.