Маңғыстау диспетчерлері - Ақтобеде

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

«ҚТЖ» ҰК» АҚ – Магистральдық желі бөлімшесінің «Пойыздар қозғалысын басқару орталығы» трансформация жобасы бойынша Ақтөбеге қоныс аударғандар қатарын маңғыстаулық диспетчерлер толықтырды. 

Оларды Ақтөбе жүк тасымалы және магистральдық желі бөлімшесінің басшылары вокзалдан күтіп алып, қонақжайлық көрсетті. Вокзал ғимаратында өткен шағын кездесуде тілектер жауып, үлкен жобаның міндеттері айтылды. 

«Бүгінгі мүмкіндіктер дамудың жаңа кезеңіне жол ашты. Компаниямыз бұл жолда көптеген бастамаларды қолға алғанын білесіздер. Цифрлық трансформация технологияға ғана емес, мамандарға да қатысты. 

Жаңа технологиялар кезеңінде бұл заман талабы деп түсіну керек. Тың технологияларды меңгеру үшін теміржолшыларды да оқыту жұмысына көп көңіл бөліп отыр. Биыл Ақтөбеден ашылған жаңа орталық үлкен автоматтандыру жүйесіне қол жеткізеді. Мұнда батыс аймақтағы білікті кадрлар қызмет ететін болады. Киелі Маңғыстау елінен келген қадамдарыңыз құтты болсын! 

Сіздерге жайлы жағдай жасау – біздің міндетіміз. Барлық көмек көрсетіледі», – деді Ақтөбе жүк тасымалы бөлімі басшысы Бөріхан Беркімбаев. 

Бөріхан Сматуллаұлы автоматтандырылған жобаны толықтай іске қосу жұмыстарын ұйымдастыру үшін бір жылдай дайындық жұмыстары жүргенін айтты. 

Орталыққа қажетті жабдықтар алынған. Қазіргі таңда Орал, Атырау бөлімшелері толық көшіп болған. Енді кесте бойынша Маңғыстау дистпечерлерін көшіру, орналастыру жұмыстары біткен соң Қызылорда бөлімшесі келеді. Жыл соңына дейін батыс аймақтағы барлық пойыздар қозғалысын бір орталықтан бақылау мүмкіндігіне қол жеткізілетін болады. 

Маңғыстаулық теміржолшыларды салада 22 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі аға диспетчер Бауыржан Мырзабаев бастап келген.

«Құрмет көрсетіп жатқан ақтөбеліктерге алғыс айтамын. Бүгінгі күні Маңғыстау өңірінен 10 адам келіп отырмыз. Жаңа орталыққа бізден барлығы 15 диспетчер келу керек. Екінші топ артымыздан келеді. Диспетчерлердің бәрі де он жылдың үстінде еңбек өтілі бар тәжірибелі мамандар», – деді Бауыржан Мырзабаев. 

Батыс өңірінен бастау алған «Пойыздар қозғалысын басқару орталығы» жобасы арқасында Ақтөбе, Орал, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда шекарасында орналасқан теміржол учаскелері енді осы орталықтан басқарылады. Бүгінде орталық штатында барлығы 250 маман бар. Оның 120-сы – пойыз диспетчері.