Лайықты бағасын алды

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Өткен аптаның жұма күні Семей ЖТ бөлімшесінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ қозғалыс қауіпсіздігі департаментінің атқарушы директоры Марат Шәкеновтің төрағалығымен күзгі комиссиялық тексеру бойынша қорытынды жиын болып өтті. Оған бөлімшеге қарасты мекемелер мен бөлімдер басшылары жиналды. 

Қозғалыс қауіпсіздігі департаментінің басшысы қазанның 5-9 аралығында бөлімше бойынша барлық тораптық станцияларды, телімдерді аралап, алдағы қысқа даярлық бойынша соңғы қорытынды тексеру жүргізген болатын. 

Теміржолшылар алдында сөз алған Марат Арапбекұлы тексеру жұмыстары барысында анықталған бірқатар мәселелер жайында сөз етті. Әсіресе, жекелеген шаруашылықтар бойынша жіберілген олқылықтарға тоқталып, кемшіліктерді жоюға аз ғана уақыт берілетінін жеткізді. Осыған дейін Аягөз, Защита станцияларында болып, жергілікті теміржолшылармен жүздескен, олардың қызмет барысын бақылаған лауазымды тұлға осы сапары барысында аталмыш телімдер бойынша бірқатар мәселелерді түйіп қайтқанын жеткізді. Сонымен қатар теміржол бойындағы шаруашылықтар бойынша жекелей тоқталып, талдау жасады. 

Сөз қорытындысында Марат Арапбекұлы жалпы жаз бойғы атқарылған жұмыстарға «қанағаттанарлық» деген баға беретінін, алайда, жергілікті теміржолшылар орын алған барлық кемшіліктерді уақыт ұзатпай қазан айының 15-не дейін толықтырар болса, «жақсы» деген баға беретінін жеткізіп өтті. 

Семей ЖТ басшысы Сиязбек Әлішев алдағы уақытта атқарылар іс аз емес екендігін, соның ішінде пойыз қозғалысының қауіпсіздігі мен жолаушы және жүк тасымалы барысында ғана емес, өндірістегі өнімділікті арттыру бойынша да қолға алынар жұмыстар жайында сөз етті. Бұл ретте алға қойылып отырған жоспарлар аясында бірқатар көрсеткіштерді жоғарылатуға күш салу қажеттігіне тоқталды. 

Ал Семей магистральдық желі бөлімшесінің басшысы Айдын Шәукежанов бөлімше бойынша жүргізілген жұмыстар қатарына тоқталды. Соның ішінде алдағы қысқы мезгілдегі теміржол нысандары мен құрылымдарының күтімі, жол машиналарының әзірлігі жайында да тілге тиек етті. 

Сонымен қатар жиын барысында бүгінгі Семей теміржолы бойынша орын алып отырған қызмет барысы, ақаулықтардың алдын алу мәселелері жайында бөлімше бойынша бас ревизор Темірбек Ақшалов арнайы баяндама жасады. 

Қорыта айтсақ, өткен қыркүйек айының 14 мен 30 аралығында өткен күзгі комиссиялық тексеру барысы бөлімше құрылымдарының қатал қысқа толықтай дайын екендігін көрсетіп берді. Кемшіліктер тез арада жойылу белгіленді.