Қажетті көмірмен қамтылуда

Шахида Жуманова

Шахида Жуманова

Жолаушылар тасымалы қайта жанданғалы вагондарға қызмет көрсету саласының жұмысы қыза түскен. Сала мамандары жолаушылардың жол бойы жылумен, сумен қамтылып, жайлы вагонда сапалы қызмет алуы үшін аянбай тер төгуде. Қазір барлық жерде қыстың қамы – бірінші кезекте.

Маңғыстау өңірінде әлі жылу беру маусымы бастала қоймаса да түбектен жолға шығатын жолаушылар вагондары көмірмен қамтамасыз етіліп отыр. Қазір өткен жылдан қалған қор есебінен қажет өтелуде. Маңғыстау станциясындағы қордың мөлшері 79 тонна болатын. Биылғы маусымға керекті көмірге тапсырыс берілген, алғашқы легі жетіп те үлгерді. 

− Бізде жылыту маусымы 15 қазаннан басталады. Дегенмен оған қарап отырмай пойыздар баратын өңірлердің ауа температурасы төмендеуіне байланысты көмір берілуде. Қазірге Бейнеуге екі вагон көмір түсірілді. Үстіміздегі айдың ішінде тағы екеуі жеткізілуі керек. 

Келесі айға 3, қарашаға 4, желтоқсан айына да 4 вагонға, Маңғыстау станциясына биылғы жыл үшін жалпы 11 вагонға тапсырыс берілген. Вагондардың әрқайсысы 69 тоннадан. Былтырғыдан ауысқан көміріміз де бар, жаңадан алынатыны, барлығын қосқанда қыстан шығамыз деп отырмыз. Өткен жылы №309-310 пойызы жекеменшікке кетуіне байланысты көмір артық қалған еді, әзірге соны пайдаланып жатырмыз. Жалпы, биылға бәрін жоспарлап өлшеп қойдық. Көмір де, су да жеткілікті болмақ. Суды «Теміржолсу» мекемесінен аламыз. 

Вагондарға айына орта есеппен 1500 текшеметр су кетеді, – дейді «Вагонсервис» АҚ Маңғыстау телімінің бастығы Нұржан Жұбанисов. 

Сондай-ақ, оның айтуынша жолаушылар тасымалы қайта басталғалы ТО-1 жөндеу орнындағы жұмыс арта түскен көрінеді. Бұл жөндеу орнында Нұр-Сұлтан бағытында қатынайтын – 6, Алматыға жолға шығатын 10-11, Атырау бағытында жүретін 6-7 вагонның күнделікті күтімі жасалып жатса, вагондарды қысқа дайындайтын ТО-2 қызмет көрсету түрі бойынша осыған дейін 53 вагон жөндеуден шыққан. 

Тағы 15 вагон жоспарда бар. Ал ТО-3 бойынша қыркүйек айында 47 вагон жөнделген. Осы айда тағы 26 вагонның шығуы күтілуде. 6 қазанға дейін соның төртеуіне қажет қызмет көрсетілген.

Қорыта айтқанда, түбектен шығатын жолаушы құрамдары қысқа сақадай сай деуге болады.