Жаңа ережелер ұсынды

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Елімізге коронавирус індетінің салып жатқан ылаңы тоқтамай тұр. «COVID-19» індетіне шалдыққан науқастардың жалпы саны соңғы аптада күрт артқан. Демек, босаңсуға жол жоқ деген сөз. 

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жолаушыларға вокзал және пойыздарда респираторлық инфекциядан сақтанудың Жаңа ережелерін ұсынып отыр. Ең алдымен, пойызға билетті онлайн режимінде сатып алу арқылы кассаларда аз байланыс орнатуға тырысқан жөн. 

Ал касса арқылы алған жағдайда адамдармен арақашықтықты сақтап, құшақтасу мен қол алысуды шектеу керек. Бұған қоса, жеке гигиена құралдары, антисептиктер, маскалар, дезинфекциялық майлықтар бүгінде әр адамның қол сөмкесінде жүруі қажеттілік.

«Сөмкеңізге алғашқы медициналық қобдишаны салып алғанның артықтығы жоқ, яғни коронавирустық инфекция белгілері болған жағдайда, қызу түсіретін дәрі-дәрмектердің болғаны дұрыс. Сондай-ақ, медициналық сақтандырудың көшірмесін жасап алыңыз. Ал теміржол вокзалына барар жолда мүмкіндігінше қоғамдық көліктен гөрі таксимен жетіп алған, жолжүкті басқа да заттармен жанаспауы үшін целлофанмен ораған жөн. Ал пойызға отыру және сапар кезінде келесі талаптарды бұлжытпай орындағандардың ұтары көп. Айталық, құжаттарды жолсерік тексергеннен кейін оларды антисептикпен өңдеу, маска мен қолғапты үнемі киіп жүру, тіпті алыс жолға шыққан пойыздарда да оларды екі сағат сайын ауыстырып отыру басты талаптар қатарынан болса, вокзал маңындағы станцияларда тамақ сатып алмау, сізбен бағыты бір адамдардан азық-түлік қабылдамау жеке басыңыздың қауіпсіздігін арттырады. Сондықтан да ұзақ жолға шықсаңыз, өзіңізбен бірге қажетті мөлшерде тамақ алып шыққан абзал болмақ. Пойызда гигиенаны екі есе сақтау керек, ыдыс-аяқты өңдеп, гаджеттерді дезинфекциялап, купені мүмкіндігінше әр сағат сайын желдеткен дұрыс. Ал купеден шыққан кезде маска кию, жол жүру барысында вагондарды аралап немесе вагон ішінде мейлінше жүрмеу, егер қасыңыздағы көршіңізден коронавирустық инфекцияның белгілері болса, масканы шешпеу немесе жолсеріктен сізді басқа орынға ауыстыруға өтініш жасау сияқты іс-әрекеттер жасаған дұрыс. 

Сондай-ақ, пойыздан түсіп, діттеген жеріңізге жеткен кезде бірден жуынып, киіміңізді ауыстырып, оны жуу керек. Жалпы, сақтық салтқа енгені жөн», деп ескертеді денсаулық сақшылары.