Бейнеттің зейнетін көрмек

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

Астана вагон пайдалану депосының ұжымы зейнет жасына жеткен төрт қызметкерін құрметті демалысқа шығарып салды.

– Елде коронавирус індетінің таралуына байланысты жарияланған төтенше жағдайларға байланысты кейбір қызметкерлерімізді құрметпен зейнеткерлікке шығарып салу мүмкіндігі болмаған еді. Қазір де карантиндік жағдай күн тәртібінен түскен емес. Сондықтан жеке бас қауіпсіздігіне қойылатын бүкіл талапты ескере отырып, бүгін вагон депосының тыныстірлігіне сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматтарымызды зейнеткерлікке шығарып салып отырған жайымыз бар. Оларға кәсіподақ комитетімен бірлесе отырып, бағалы сыйлықтар жасап, лайықты құрмет көрсеттік, – дейді депоның персонал жөніндегі менеджері Күнсұлу Абилова. 

Зейнеткерлер қатарында вагон депосының ыстығына күйіп, суығына тоңып, бір қызметте табан аудармастан қырық жылға жуық және одан да көп жыл еңбек еткен азаматтар бар. Мәселен, Техникалық қызмет көрсету пунктінің 6 разрядты вагон қараушы-жөндеушісі Марат Сыздықов жұп паркінде бір қызметте 43 жыл жұмыс істесе, Петр Биндюкте тақ паркінде 6 разрядты вагон қараушы-жөндеуші болып 37 жыл еңбек еткен екен. Екеуінің де қолымен талай вагон «жыртығы жамалып, тесігі бүтінделгені» сөзсіз. Талай жастарды еңбекке баулып, тағылым берген екі азамат – ұжымында беделді, абыройлы жандар. 

Ал Өміртай Есеновтің теміржол көлігінде бір қызметтің тізгінін алып жүргеніне 17 жылдан асыпты. Ол УЗОТ құрылғысын бес саусағындай меңгерген майталман маман, яғни слесарь жөндеуші болды. Үш еразаматпен үзеңгілес жұмыс істеп, теміржол көлігіндегі 40 жылдан астам еңбегінің жемісін жеп, зейнетін көруге ниет еткендер қатарында Несіпгүл Кантанова бар. Ол зейнеткерлікке еңбек нормалау және ұйымдастыру жөніндегі жетекші инженер қызметінен шығып отыр. 

– Сонымен қатар біз екі мерейтой иелері – Бақытжан Бейсенов пен Шәмсия Өтепованы шақырып, оларға да тарту-таралғы жасадық. Мерейтой жасына келгендерге Ұжымдық шартқа сәйкес қаржы бөлінеді және олар кәсіподақ мүшесі болғандықтан, кәсіподақ ұйымы атынан сыйлық тарту етілді, – деді Күнсұлу Жұмабекқызы.