Қыс - қатал сыншы: дайындық мәреге жақын

Асхат Райқұл

Асхат Райқұл

Қысқы маусымға теміржол шаруашылығының әзірлігі, теміржолшылардың төмен ауа темпера- турасында жұмыс істеуге дайындығы, станция, вокзал, өзге де ғимараттар, жылыту қазандықтарының тұрақты жұмысын ұйымдастыру аса маңызды. 

Жамбыл белгі беру және байланыс дистанциясы осы бағыттағы шаралардың толық және сапалы орындалуын бақылау үшін арнайы штаб құрып, дайындықты мекеменің бірінші басшылары мен орта буын мамандар бақылауда. Қазірдің өзінде мұнда қар тазалау жұмыстарының жоспары жасалып, бекітіліп қойған. Қар тазалау жұмыстарына техника бөлінуі тиіс станциялар да анықталып, әзірліктері пысықталу үстінде. 

Дистанцияның қарауындағы электрлік ажыратқыш жетектерінің, коммутатор жиынтықтары мен жол тізбегінің оқшауланған бөліктерінің дайындығы 100 пайыз орындалған. Сонымен қатар 129 батарея мен реле шкафтарын оқшаулау жұмысы да талапқа сай мәреге жеткен. 8 жерасты дабыл қондырғылары орнатылып, 47 өткелдегі автоматика құрылғыларының жұмысы да қысқы мерзімге сақадай сай екен. 

Дистанция директоры Аман Улакулов 3,34 км магистральдық байланыс және сигналдық кабельдер жөндеуден өткенін жеткізді. Сонымен қатар 30 шақты негізгі байланыс кабелінің қорғасын муфталары 3М типті муфталарға ауыстырылған. 21 көлік құралдарының әзірге 12-сі ғана пайдалануға жарап тұр. Қалғандары техникалық байқаудан өтуде. 

«Қысқы маусымға әзірлік шаралары биыл әдеттегіден ерте басталды. Бұған күн райының ертерек бұзылуы мен елдегі пандемиялық ахуалдың әсер еткенін айта кету керек. Бүгінде барлығы 47 сервистік, техникалық және әкімшілік ғимарат толық түрлі жөндеуден өтіп, есік-терезелері қымталды. Қазандықтары мен отынсулары дайындалды. Оның ішінде 38 электр қазандығы бар, 5-уі биыл ғана пайдалануға берілген. Қалғандары көмірмен жылытылады.Теміржолшыларды арнайы киіммен қамтамасыз етуде де жоспар талапқа сай орындалуда. Жылы костюмнің 50 данасына тапсырыс берілсе, 175 дана бас киім мен құлаққап жеткізілді. Жылы күртенің де қажетті 82 данасын қоймамызға жеткізіп қойдық. Қалың етіктің 45 жұбы, қолғаптың 120 жұбы бар», – дейді дистанция басшысы.

Жалпы Жамбыл магистральдық желі бөлімшесінің техникалық қажеттіліктеріне 11 тонна көмір қажет екен. Ал ШЧ-36-ның тұрмыстық көмірге деген сұранысы 552 тоннаны құрайды. Мұның барлығы дерлік толық жеткізілген. Қысқасы, қысқа дайындық бірер күнде толық аяқталмақ.