Шымкент жүк тасымалы бөлімшесінде «Цифрлық трансформация» бағдарламасын жүзеге асыруға байланысты барлық станцияларға жүк тасымалдау қызметін көрсеткені үшін қолмақол ақшасыз қызмет көрсету технологиясы енгізілген.
Яғни, биылғы жылдың қаңтарынан бастап бөлімшеге қарасты жүк операциялары жүргізілетін барлық станцияларда жүк тасымалына қызмет көрсеткені үшін клиенттермен қолма-қол ақшасыз төлем (бірыңғай жеке есепшот) жүйесі іске қосылған. Бұл жұмысты жеңілдетумен қатар қаржы мәселесінде адами қателік, басқалай факторларды жойып, жемқорлыққа тосқауыл қойып отыр.
Екінші жартыжылдықта Шымкент жүк тасымалы бөлімшесі КТТ вагондар паркі үлесін 15 пайызға дейін арттыруға тырысуда және Бадам станциясында мұнай өңдеу зауытын пайдалануға берілгеннен кейін жүк артып, жүк түсіретін жаңа клиенттерді тартуға ниеттеніп отыр. Ал контейнерлік пойыздардың жылдамдығы өсіп, тәулігіне 938 км орындалған.
Қозғалыс қауіпсіздігі мен еңбек қорғауды қамтамасыз ету жұмыстарын ұйымдастыру – әрине бөлімшеде басты орында тұрған мәселе.
Осыған байланысты жұмыс кезіндегі қауіпсіздік пен пойыз, маневр қозғалыстары кезінде орын алатын қауіптің салдарын жою үшін тиісті шаралар қабылданды.
Соның нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда жарақат алу оқиғасына жол берілген жоқ. Пойыздар қозғалысының қауіпсіздігі барысында туындайтын қателіктер де биыл 4 есеге азайған.
– «Нөлдік жарақат» стратегиясына бағытталған Жол картасын іске асыру бойынша оның орындалуы мен бақылауын қамтамасыз етіп отырмыз. Осы жол картасы бойынша 2019-2020 жылы ішкі тренерлердің 10 194 сағатқа созылған дәрісінен 3 398 адам оқудан өтті. 155 мінез-құлық жөнінде диалог өткізілді. Сонымен қатар, жұмыста қауіпті жағдайлар орын алмас үшін түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әрбір белгіленген пункттің орындалуын бақылайтын шаралар орнатылды», – деді бұл туралы Шымкент жүк тасымалы бөлімшесінің бас инженері Ильяс Нұржанов.
Бүгінгі таңға дейін Шымкент жүк тасымалы бөлімшесіндегі Оқу орталығынан біліктілігін қайта жоғарылату, қайта дайындықтан өту курсынан жоспар бойынша 56 адам өтуі тиіс болған. Алайда тек 18 жұмысшы біліктілігін қайта көтерген. Себебі, пандемияға байланысты 38 жұмысшының оқу курсынан өтуі кешеуілдеген.
Дегенмен алдағы уақытта бұл олқылықтың орны толтырылмақ. Теміржолшылар онлайн оқуға дағдыланып, қағазсыз технологияның қағидатын меңгеруді үйренген.