Тоғыз ай табыссыз емес

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

«ҚТЖ» ҰК» АҚ желісінде үстіміздегі жылдың қыркүйек айында жалпы жүк тиелімі өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 2% дейін өсіп, 22,5 млн тонна шамасын құраған.

Өткен айда 8,6 млн тонна көмір тиелсе, соның 5,9 млн тоннасы республика ішіне жөнелтіліп, экспортқа 2,7 млн тонна қатты отын шығарылған. Әлеуметтік маңызды жүк санатына кіретін астық тиеліміне келсек, қыркүйекте 885 мың тонна астық тиелген және бұл көрсеткіш өткен жылдың осы уақыт деңгейінен 28% жоғары. Әсіресе, ел ішіне тиелген астық көрсеткішінің өсімі 31% құрап, экспортқа тиелген жаңа науқан астығының көрсеткіші 26% дейін артқан. 

 «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ алға тартқан мәліметтерге сүйенсек, бірқатар жүк тиелімдерінде, атап айтқанда, қара металда – 42%, химиялық тыңайтқыштарда – 8%, темір және мырыш кенінде 6%, түсті кендерде 10% дейін өсім байқауға болады. 

Ал жыл басынан бергі 9 айда 187 млн тонна жүк тиелген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда ешқандай ауытқудың болмағанын, яғни өзгеріссіз қалғанын көрсетеді. 

Үш тоқсанда 73 млн тоннадан астам көмір тиелсе, соның 20,8 млн тоннасы шетелдіктер тапсырысы екен. Атап өтерлігі, елімізде қатты отынға есепті мерзімде сұраныстың артқаны, яғни өсімнің 5% немесе 52 млн тонна шамасын құрағанын көреміз. Ал есепті мерзімде 6,1 млн тонна астық тасымалданса, соның 4,4 млн тоннасы экспортталған. Бұл Қазақстан астығына әлем нарығында сұраныстың артып отырғанын аңғартса керек. Жаңа науқан астығына ел ішінде де сұраныс артқан, яғни республика ішіне таратылған астық көлемі 4% немесе 1,7 млн тоннаға өскен. Мамандар бұл екі әлеуметтік маңызды жүктер тасымалына қатысты тапсырыстың тамыз айының соңын ала, қыркүйекте қарқыны артқанын айтады. Тоғыз айда қара металл, химиялық тыңайтқыштар, темір және мырыш кені, түсті кен сынды жүктер тиелімі анағұрлым жақсарған. 

Ал жыл басынан бергі үш тоқсанда жүк айналымы 169 млрд т/км-ді құрады. ҚТЖЖүк тасымалы мамандары қыркүйекте жүк айналымының өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 5,5 % артып, 19,7 млрд тарифтік т/км-ді құрағанын алға тартады. Демек, осы жылдың тоғыз айы әлемде және елімізде болып жатқан коронавирус індетінің лаңына қарамастан табыссыз емес деп қорытынды жасауға болады.