Тараз вокзалының ғимараты жөнделеді

Асхат Райқұл

Асхат Райқұл

Жуырда «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Серік Әбденов бастаған ұлттық компания өкілдері Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевпен кездесіп, Тараз теміржол вокзалын күрделі жөндеу және қайта жаңғырту жоспарын ұсынды. 

Аумағы 2,5 мың шаршы метрден асатын вокзал ғимаратына соңғы күрделі жөндеу 2013 жылы жүргізілген. 

Ағымдағы жылы бас ғимараттың қасбетін, ішкі жайларын және жолаушылар терминалын қайта жаңарту жоспарланып отыр. Жолаушылар платформалары мен вокзал маңындағы аумақтар да ретке келтірілмек. 

«Вокзалдың іші өте тар, оны кеңейту керек. Бұл мәселені шешу үшін біз түрлі нұсқаларды қарастырдық. Артық дүңгіршектер алынып, билет кассалары вокзал ғимаратының қалаға қараған жағына орнатылады. Қарама-қарсы жағында тек перронға қарайтын витраждар болады. Ғимараттың қасбетін қаптауға арналған материалдар таңдалып, заманауи дизайн үлгісі әзірленген. Сондай-ақ, жолаушылар терминалы, қонақ үй, асхана орналасқан екінші қабаттағы үйжайлар да жөндеуден өтеді», – деді жобамен таныстырған Серік Әбденов. 

Жамбыл облысының әкімі жобаны мақұлдап, жолаушы халық үшін қолайлы жағдай жасау қажет деді. 

«Қыста вокзал ғимараты қатты суық болады. Терезе жақтауларын қаптап, жылу жүйесін ауыстыру қажет. Сонымен қатар, нысанның инженерлік желілері де ауыстыруды қажет етеді», – деп атап өтті Бердібек Сапарбаев. 

Жөндеуді жоспарлау кезінде мамандар су құбыры, кәріз және жылу жүйелеріндегі мәселелер мен ақауларды анықтаған. Қоғамдық дәретханадағы сантехника да ауыстырылмақ. «Бұл шығындардың барлығы жобалықсметалық құнына енгізілген», – деді Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінің бас инженері Александр Ким. 

Мамандар вокзал аумағын тиісті формаға келтіру қажеттілігіне де назар аударды. Олардың пікірінше, барлық нысандардың стилі мен тұжырымдамасы бірдей болуы керек. 

Бұл, әсіресе, қазіргі таңда перрондағы әр түрлі платформада орналасқан дүңгіршектерге қатысты. Вокзал – кез келген қаланың визит картасы және бет-бейнесі. Сондықтан оның келбеті заманауи және тартымды болуы тиіс, бүкіл сәулет бірыңғай түрге ие болғаны абзал. 

Теміржол вокзалы ғимаратын жөндеу жұмыстары келесі жылы аяқталады деп жоспарланған. Оны одан әрі Тараз қаласы әкімдігінің коммуналдық меншігіне беру мәселесі қарастырылмақ.