«KTZE-KHORGOS GATEWAY»: Орталық Азиядағы ең ірі құрғақ порт

Алматы облысы, Панфилов ауданының аумағында арнайы экономикалық аймақ құрылып, жұмысын бастағалы біраз жыл. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында ашылған «KTZE-Khorgos Gateway» Құрғақ порты ел экономикасының әлеуетін көтеруге айтарлықтай үлес қосып жатқаны белгілі. Күні кеше бір топ журналистер оған куә болып қайттық.

Қазақстан мен Қытай шекарасындағы «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының аумағында орналасқан Орталық Азиядағы ірі Құрғақ порт аумағында жалпы ауданы 102,8 га жоғары класты логистикалық сервисті қамтамасыз ету үшін ұзындығы 24 шақырым теміржол мен 6 кірме жол, біржолғы сақтауға арналған 18 мыңнан астам мамандандырылған контейнерлік алаң бар. Одан бөлек 2 уақытша сақтау қоймасы қызмет көрсетеді. Оның бәрі жаңа заманауи автоматтандырылған техникалармен жабдықталған. Операторы – «KTZ Express» АҚ мультимодальдық компаниясы. 

Құрғақ порттың жұмысы індет кезінде де тоқтамапты. Барлық ел шекарасын қымтап, барынша сақтанған тұста санитарлық қатаң талаптарды ескере отырып, жұмыс істеген. 

«KTZ Express» АҚ Логистика жөніндегі вицепрезиденті Нұрлан Игембаевтың айтуынша, Қытайдан Еуропаға, Ресейге және Орталық Азияға баратын маршруттар – дәстүрлі түрде Қазақстан аумағы арқылы өтетін ең сұранысқа ие бағыттар. «2020 жылғы қаңтар-тамыз айында Қытай – Еуропа – Қытай бағыты бойынша тасымалдау көлемі 306,6 мың ЖФЭ құрады, бұл 2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 62%-ға өсті. Қытай – Орталық Азия-Қытай бағыты бойынша өсім 29%-ды немесе 149,2 мың ЖФЭ құрады. Сондай-ақ, есепті кезеңде Қытайдан Ресейге 31,2 мың ЖФЭ тасымалданды, өсім өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 47%-ға артты», – дейді «KTZ Express» АҚ Логистика жөніндегі Вице-президенті Нұрлан Игембаев. 

 Қытайдан көбіне халық тұтынатын тауарлар, металдар, химикаттар жеткізіледі екен. Тіпті, габаритті емес жүктерді де жеткізеді. 

Айталық, «KTZE-Khorgos Gateway» Құрғақ портының тиеу терминалын іске қосу арқылы Қытайдан Түркіменстанға 300 габаритті емес техника – John Deere ауыл шаруашылығы комбайндары жіберілді. Осы John Deere компаниясы 2017 жылдан бері 1474 комбайнның тасымалдауын сеніп тапсырған көрінеді. 

Нұрлан Игембаевтың айтуынша, Алтынкөл станциясы арқылы биыл бірқатар жаңа контейнерлік маршруттар іске қосылған. 

«Бұл Цзиньхуа (ҚХР) – Баку (Әзербайжан), Сиань (ҚХР) – Измит (Түркия) Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша, Чэнсян (ҚХР) – (Беларусь) Жодино, Цзинань Нань (ҚХР) – Қыпшақ (Түркіменстан), Түркменбашы (Түркіменстан) – Циндао (ҚХР), сондай-ақ Алтынкөл – Мәскеу тұрақты контейнерлік сервисі. «KTZ Express» АҚ компаниясы бүгінгі таңда ең қолайлы тарифтік шарттарды жасап, Қазақстан арқылы өтетін барлық бағыттардағы жүктердің жылдамдығы мен сақталуының толық параметрлерін ұстанып отыр. Ұзындығы 3128 км құрайтын Алтынкөлден Ақтау портына дейінгі учаскені контейнерлер үш тәулік ішінде өтсе, 2019 жылғы 16 сәуірден бастап «Қазақтеңізкөлікфлоты» компаниясының фидерлік кемесі апта сайын Баку портына 210-ға жуық контейнер жеткізеді, сол жерден жүктер темір жол арқылы Грузия мен Түркияға жөнелтіледі. Мысалы, қытайлық Сианнан Түркияның Стамбулына дейінгі сапардың жалпы уақыты 16 күнді құрайды», – деді Н.Игембаев. 

Бір айта кетерлігі, Қытайдан келетін 57 вагондағы жүкті өзіміздің вагондарға қайта тиеу 1 сағатта жүзеге асады екен. Яғни, 15 мың контейнерді бір уақытта қабылдап, сақтай алады. Одан бөлек бір күнде 15 пойызға дейін жөнелте алатын мүмкіндік бар. Ал Германияға бағытталған жүк 10 күн ішінде, Стамбулға 12 күнде жетеді. Ең ұзақ маршрут 3 күн ғана.

Осының арқасында транзит барлық бағыт бойынша 40 пайызға, ал Еуропа бағытының өзі 62 пайызға өскен. 

«KTZE-Khorgos Gateway» директоры Ибрагим Манабаев: «Құрылғанына 5 жыл болған Құрғақ порттың 102 га жері бар. 8 айда 23 мың тонна жүк тиеу жоспарланса, біз 46 мың тонна жөнелттік. Яғни, артығымен орындалды. 1350 пойыздың 40 пайызы Еуропаға, 26 пайызы Өзбекстанға кетті» дейді. 

Алтынкөл станциясы бастығының міндетін атқарушы Нұржан Құрманәліұлының шекаралық жүк станциясының жұмысы туралы берген мәліметіне сүйенсек, 2020 жылдың 8 айында станция арқылы барлық санитарлықэпидемиологиялық нормаларға сәйкес 1 551 контейнерлік пойыз өткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 110,7%-ға артық. Тар табанды жол бойынша 2600-ден астам жүк пойызы, кең табанды жол бойынша 3500-ден астам пойыз қабылданған. Қаңтар-тамыз айларында жүк айналымы 4 млн тоннаға жетіп, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 55% -ға жоғары екен. 

Бүгінде Қытайдан Қазақстанға келетін импорт саны 20 пайызды құраса, Қазақстаннан экспортталатын тауар 20-25 пайыз екен. 

Ал транзиттік елдерді алсақ, Қазақстанның тауарды өткізу жылдамдығы тәулігіне 1100 шақырымнан астам. Болашақта мұны 1500 шақырымға жеткізу көзделіп отыр.