Аса станциясы арқылы шетел асады

Асхат Райқұл

Асхат Райқұл

«Қазфосфат» ЖШС – Жамбыл облысының бренді. Жамбыл жаңа фосфор зауыты – осы компанияның Жамбыл ауданының территориясында орналасқан филиалы. Онда өндірілген химиялық тауарлар, фосфор, сары фосфор өнімдері, гипс, шлаг сынды құрғақ құрылыс қоспалары Аса станциясы арқылы Қазақстанның және әлемнің түкпір-түкпіріне жол тартады.

«Әлемнің» деп ауыз толтырып айтып отырғанымыздың да жөні бар. Өйткені, Аса станциясының аумағында тиелген сары фосфор Ресей, Германия, Дания, АҚШ, Швеция, Жапония, Италия сынды алпауыт мемлекеттерге бағыт алады екен. Станция бастығы Нұрлан Қазбековтің айтуынша, гипс пен шлагтің дені Алматы қаласындағы ірі кәсіпорындарға жеткізіледі. 

– Жүк айналымының қарқыны жаман емес, ай сайын 2500 вагонға дейін жүк тиейтін болсақ, қабылдап алатынымыз 2800-2900 вагонға жуықтайды. Мұның ішінде көмір тасымалы, өзге де жеке кәсіпкерлердің тауарлары бар. Әлем елдеріне тараған, Қазақстанды да айналып өтпеген қауіпті індетке байланысты жарияланған төтенше жағдай, карантин режимі кезінде жүк тасымалы айналымы біршама түскен болатын. Қазір қайта бұрынғы жұмыс ырғағымызға түсіп, өнімділігімізді арттырып келеміз, – дейді станция басшысы. 

Аса бекеті қысқа әзірлік шараларының 90 пайызын орындап қойыпты. 

Станцияда отызға тарта адам еңбек етеді. Теміржолдардың қауіпсіздігі, техникалық жағдайы, қазандықтардың ахуалы толық дайындықтан өткізіліп, теміржолшылардың арнайы киімі беріліп жатыр екен. Станция ғимаратына жыл сайын орташа деңгейде жөндеу жұмыстары жүргізіледі екен. Биыл да кем-кетігі бүтінделіп, есік-терезелері қымталып, өзге де олқылықтар түзелген. Қызметкерлердің жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. 

Станциядан Тараз-Қаратау, ТаразЖаңатас бағыттарындағы қаламаңы пойыздары өтеді. Теміржолшылардың дені – жергілікті азаматтар, осы станцияда алды отыз жыл, арты бес-он жылдан бері еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі мамандар. Ұжымда екі бірдей Құрметті теміржолшы еңбек етеді. Олар – жүк қабылдаушы Күлшат Досалиева мен пойыз құрастырушы Әділ Жамалбеков.

– Жастар оларға қарап бой түзейді. Жалпы, шағын ұжымымыз өте тату. Жақында қырық жылдан бері осы станцияда кезекші болып қызмет ететін әріптесіміз Ұрысбек Жамалбеков алпыс жасқа толды. Өмірін болат жолдың бойымен байланыстырып келе жатқан ағамыздың мол тәжірибесі, өнегесі жас мамандарымызға үлгі. Сондықтан да ол кісіге лайықты құрмет көрсетіп, жас теміржолшылармен кездестірдік.

Әңгімесін айтты, еңбек жолындағы есте қалған оқиғаларынан сыр шертті, бұл да жастарға үлкен сабақ, – деген Нұрлан Әзизұлы жас әріптестері жайында да жақсы лебіз білдірді.

Айтса айтқандай, Асаның жастары барлық ақцияларға бір кісідей асталысады екен. Жүк қабылдаушы Аина Несіпбаева Жамбыл теміржол саласының қоғамдық өміріне белсене араласады.

Ол өзінің командасымен жақында ғана Жеңістің 75 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған акция аясында Аса ауылындағы соғыс және еңбек ардагерлерінің үйлерін аралап, қажет жұмыстарын тындырып беріп, азықтүлік себеттерін тапсырған. «Біз үшін үлкен кісілердің алғысын алғаннан артық ештеңе жоқ» дейді Асаның жас буыны.