Ұрлық-қарлыққа тосқауыл қажет

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Теміржолшылар желі бойындағы жүк вагондарына ұрлық-қарлық мәселесін күн тәртібіне қойып отыр. Мұндай келеңсіздік, оның ішінде теміржолшылар арасында да ішінара көрініс беріп жататыны жасырын емес. 

Осы орайда транзиттік жүк ағыны мол Семей ЖТ бөлімшесі бойынша да ілкімді шаралар жүзеге асырылуда. Жуырда Семей станциясының ЖІІБ басшылығының төрағалығымен «Жылжымалы құрамдардағы жүктер бойынша теміржолшылар ұрлығын болдырмаудың алдын алу шаралары» тақырыбында онлайн кеңес болып өтті. Оған жүк қауіпсіздігіне жауапты сала мамандары, теміржолшылар қауымы да қатысты. 

Мәлім болғандай, жүк вагондарына ұрлыққа түсу әсіресе шағын әрі аралық станциялардағы аялдау сәтінде жиі орын алады екен. 

Ол үшін жүк тиелген жылжымалы құрамдарды жол айрықтарына тоқтатпай, тек іргелі станцияларда ғана аялдату қажеттілігі де айтылып, мамандар тарапынан сарапқа салынды. Бұл жүктердің барлық түрлерінің, түсті металдар мен құрылыс бұйымдарының, тіпті көмір ұрлығын да болдырмауға себеп бола алады. 

Жиын барысында тек жүк вагондарын тонауды болдырмау ғана емес, жол төсемінің беткі бөлігін ұрлауға жол бермеу мәселелері де кең көлемде талқыланды. Бұл ретте әсіресе кірме жолдар мен тұйық желілер қауіпсіздігі үшін күзет пен қадағалауды күшейту қажеттілігі айтылды. Себебі, кірме жолдар бойындағы локомотивтердің залал шегуіне, ақаулықтардың орын алуына көп жағдайда жол төсемі бөлшектерін жымқыру себеп болады екен. 

Онлайн-кеңес қорытындысында ұрлық-қарлыққа тосқауыл болатын, желі бойындағы қырағылықты күшейту мақсатында бірқатар ұсыныстар қабылданды.