Бүйірлік рамадан бүк шықты

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Маңғыстаулық вагон қараушы Байрамбай Тыныштықов жүк вагонының бүйір рамасынан қауіпті ақау тапты. Бір қызығы, бұл – ВЧД-33 мекемесі бойынша жыл басталғалы бері 40-шы ақау екен. Бұл, әрине, 19 жылдан бері Маңғыстау вагон пайдалану депосында жұмыс істеп келе жатқан вагон қараушының тауып отырған бірінші ақауы емес.

Бүгінде елуден асқан тәжірибелі теміржолшы 2018 жылы да вагонның бүйір рамасынан аса қауіпті ақау тауып, үлкен апаттың алдын алған еді. Сол еңбегі үшін ол «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін» төсбелгісімен марапатталған болатын.

Бұл жолы ол Қырғызстанның транзиттік вагонынан 11 тамыз күні тағы да бүйірлік рама ақауын анықтады.

– Күндізгі ауысымда жүргенде №3401 пойыз үшінші жолға кешке тоғыздарда келіп тоқтады. Аға вагон қараушы Ерлан Ереков болатын. Вагон бізге келгенде бос екен. Бірақ оған дейін ол ақаулы болып барлық құрамға қауіп төндірген болды ғой. Жүгі Өзен станциясында түсіріліпті. Содан кейін кері қарай Қырғызстанға кетіп бара жатқанда Маңғыстау станциясында аялдап тұрғанда бүйір рамасынан ақау таптық, – дейді Б.Тыныштықов.

Вагон депосының Маңғыстау станциясы бойынша ТҚКҚ бастығы Ерболат Сәулебековтің айтуынша, бұл ақауды ұлғайтқыш лупамен және көздің қырағылығы арқылы табуға болады. Мұндай ақаулар бүйір рамасын сырлап қойғанда, сол сырдың астынан білінбей қалуы да мүмкін екен. Алайда, қырағы вагон қараушының жанарынан кінәрат тыс қалмаған, ақаулы вагон дереу ағытылып, акт толтырылған, бүйір рамасын ауыстыру үшін жөндеуге жіберілген.

Осындай күрделі ақауды тапқаны үшін вагон қараушы басшылық тарапынан сыйақыға ұсынылды. Вагон қараушының қызметіне жоғары баға берген қосын басшысы оның өз ісіне адал майталман маман екенін айтады. Байрамбай Тыныштықовтың әкесі де өмір бойы теміржолда жол жөндеуші болып еңбек етіпті.