Жол шаруашылығы сүзгіден өтуде

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

Астана жол дистанциясында 7 қыркүйек пен 23 қазан аралығында күзгі комиссиялық байқау өткізілуде. Дистанцияда бірінші басшылардың төрағалық етуімен 5 комиссия құрылды. Олар ақаутапқыштар, механизациялау цехтарын, телімдерді, колонналарды тексеруде.

Жер төсемі, жасанды құрылыстар, жол құрылғылары мен өндірістіктехникалық ғимараттар, еңбек қорғау жағдайы да назардан тыс қалмауда. 

«Бірінші кезекте қысқы уақытта рельс ауыстырылған жол бөліктері, жолдың қисық және тіке телімдеріндегі бұрылыстар мұқият қаралуда. Сосын қанағаттанарлық деп бағаланбаған, күрделі жөндеу жүргізу мерзімі өтіп кеткен телімдер тексеріледі. Сонымен қатар еңбек қорғау жағдайына, барлық өндірістік телімдер мен цехтарда техникалық құжаттама жүргізу тәртібіне бекітілген форма бойынша акт толтыра отырып тексеру жүргізіледі», – дейді дистанцияның бас инженері Ертас Сыздықов. 

Байқау қорытындысы бойынша әрбір айналым мен телімде хаттама толтырылады. Рельс тізбектерінің жағдайы, оқшауланған түйіспелердің жағдайы мен есебі журналын жүргізуге ерекше назар аударылады. Жер төсемдеріндегі инженерлік құрылыстардың жағдайына көпір шеберлері Т.Ахметов, М.Даулетшинді тарта отырып тексеру жүргізеді. 

Байқау кезінде қатаң есепте тұрған құрал-жабдықтардың жағдайы мен сақталуы, оларды есепке алу мен беру журналын жүргізу тәртібі де қадағаланады. 

Сонымен қатар жарамсыз шпалдар мен қоссырықтардың бұтасын дер кезінде жоюды ұйымдастыру, түйіспесіз жолдарда рельс бунақтарының дұрыс бекітілуін қарау бойынша кешенді жұмыстар жасалады.

Габаритті сақтау мақсатында ескі жол үсті құрылысы материалдарын жинау, бөлу жолағы жағдайын эстетикалық кейіпке келтіру, малға қарсы қоршау салу бойынша шаралар қабылдау да маңызды жұмыстардың бірі. 

Өндірістік техникалық бөлімге күзгі байқаудың өту барысын қадағалап, әрбір сәрсенбі сайын байқау нәтижелерін шығарып отыру міндеті жүктелді. 

Анықталған ескертулер бойынша шаралар қабылданып, күнтізбелік кестелер жасалады және оларды жою мерзімі бекітіледі.