Мұнай өнімдеріне тапсырыс азайған

Косуим Мукашев

Косуим Мукашев

Атырау жүк тасымалы бөлімшесі бойынша биылғы жылдың сегіз айында тасымал көлемі айтарлықтай кеміген жоқ. Оған экономиканың негізгі бөлігін құрайтын өңірдегі мұнай өнімдерін өндіру, оны тасымалдау көлемінің қалыпты деңгейде болуы әсер етуде. Әйтсе де, осы кезеңде ресурсұстаушылардан қара мұнай өнімдеріне деген тапсырыс бұрынғыға қарағанда кеміген.  

Директорлар кеңесінің жоспары бойынша пайдаланым жүк айналымы 8 айда 98,2%-ті құраған. Тасымал жұмысының кемуіне вагон тиеуді игермеу, яғни жүк вагондарының кемуі себеп болған. Техникалық жоспарға сай пайдаланым жүк айналымы 99,9%-ті құрады. Оған орташа жүк тиеудің және тиелген жүк вагондарының азайып кетуі себеп. Ал жүк тиеудің кемуіне әсер еткен жағдайларға келсек, алдымен Атырау мұнай өңдеу зауытының 16 наурыз бен 17 сәуір және 1 шілде мен 31 тамыз айларында тұтастай екі айға жоспарлы жөндеу жұмыстарына тұруы себеп болған. Зауыт тұрғасын, өнім де шықпайды. Соның салдарынан Теңдік станциясынан мұнай өнімдерін тиеуші «Батыс Транс Групп» ЖШС жүктері азайған. Әрине, тиелген вагондар аз болған сайын, жүк айналымы да кемиді (127,4 млн.т-кмнетто). Оған әлемдік нарықтағы ауқымды дағдарыс, мұнай бағасының құлдырап кетуі, өнімнің болмауы және сатып алушылардың төлемқабілетсіздігі де кедергі. Сегіз айда орташа жүк тиеу 30/вагон-тәулікке, жүк тиелген вагондарды қабылдау 28/ вагон-тәулікке кеміген. 

Жүкжөнелтушілердің жүктен бас тартуы да тасымалға тікелей әсер етеді. Әуелі тапсырыс беріп алады да, кейін одан тайқып немесе белгілі бір бөлігін ғана тиейді. Мәселен, «Теңізшевройл» ЖШС Құлсары станциясынан 3721 вагон/129447 тонна сұйытылған газ бен пропан-бутан, 4971 вагон/332197 тонна химикаттарды жіберуден бас тартса, сатып алушылардың төлемқабілетсіздігінен және зауытта газ тазалау қондырғысының жөндеуге тұруы мен «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» зауытында күкірт конвейерінің сынып қалуы салдарынан Қарабатан станциясынан «Теңіз Көлік Компаниясы» ЖШС 1560 вагон/101040 тонна, «Истком Транс» ЖШС 540 вагон/34260 тонна түйіршіктелген күкіртті жібере алмаған. 

Сондай-ақ, 1706-2206 аралығында Қытайға жөнелтілетін кокс, пропан жүктерін түсіруге конвенциялық тыйым қойылғаны да жалпы жүк тиеу көлеміне әсер етпей қоймады. 

Атырау өндірістік-техникалық бөлім мамандарының айтуынша, сонымен қатар өткен мерзімде транзитті тасымал көлемінің кемуі де байқалады. Бөлімшеде бұрынғыға қарағанда тәулігіне үш пойызға кем қабылданып жүр. Қиғаш түйіспесінен 2 пойыз, Сағыздан тәулігіне 1 пойыз кем қабылдануда. Пойыз беру де аталған бағыттар бойынша тәулігіне бір-бір пойыздан кеміген. Сегіз айда техникалық жоспарға сай негізгі 11 көрсеткіш 100 пайыздан аса орындалған. 

Пайдаланым жүк айналымы 6125,4 млн.т-кмнетто болып, 99,9%-ды құрады. 

7,6 млн.т-кмнеттоға кем. Жүк тиеу көлемі 6676,8 млн тонна, орындалуы 94,9 пайыз. 

Пайдаланым жүк айналымымен қоса, жергілікті вагон айналымы 102,4%, ал жүк вагонының өнімділігі 101,5%, тиелген вагонның динамикалық салмағы 101,3, вагонның орташа тәуліктік жүрісі 102,6%, вагонның статистикалық салмағы 100,5%, жүк пойызының орташа салмағы 3995 тоннабрутто, яғни 101%, локомотив жүрісі мен өнімділігі 102,8%, вагондардың бір жүк операциясына тұруы 103,1% болып, сегіз айда аймақта жүк тасымалы қалыпты болғанын көрсетті. Бір техникалық станцияда вагондардың тұруы 101,3 пайызды құрады. 

Вагондар қозғалысының техникалық жылдамдығының кемуіне жаз айларында (шілде, тамыз) кейбір учаскелерде жылдамдықты шектеуге ескерту берілгендігі, шпалдардың ақаулығы, МақатСағыз, Мақат-Құлсары, Мақат-Атырау, Атырау-Исатай-Қиғаш аралығында ЖЕЙСМАР жол машинасымен жұмыс жасау үшін 4-6 сағаттық «толаскез» алынуы себеп болған. Станцияларда жүк операциясына келген вагондардың тұрып қалуы, жиналуын күту, локомотивтерді жалғау жұмыстары да техникалық жылдамдықтың төмендеуіне әсер етті. 

Алайда, жалпы алғанда өңірде жүк айналымының қарқыны жаман емес. 

Елдегі карантин шараларының өңірде жалғасуына, әлемдік нарықтағы доллар, мұнайдағы баға өзгерістеріне қарамастан тасымал тасқынының қалыпты деңгейі сақталып отыр. 

подписка на казахском