ҚТЖ 100 жаңа есімі: үздік болу үшін ізденіс қажет

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

«ҚТЖ» ұлттық компаниясының жастар саясатын қолдау мақсатында жүзеге асып жатқан тамаша жобаларының бірі – «ҚТЖ 100 жаңа есімі» даму бағдарламасы. Осы бағдарлама шеңберінде жарқын болашағынан үлкен үміт күттірген жүздеген үздік жастар бірнеше күн вебинарлар мен шеберлік сыныптарына қатысу мүмкіндігін алған еді.

Солардың қатарындағы біздің кейіпкеріміз Кәмшат Тиштықбаева Нұрлы жол вокзал кешенінде вокзал кезекшісі болып жұмыс істейді. 

– Армансыз адам жоқ. Менің де арманым сөзге шешен, тілге жүйрік, ұтқыр ойлы, сөз қисынын тауып айтатын адам болу еді. Осы бағытта өнер-білім үйренуді, көп кітап оқуды өзіме міндет, мұрат тұттым. Өсе келе арманым мақсатқа айналды. Осы мақсатыма жетуіме «ҚТЖ Ішкі тренерлері» бағдарламасы себепші болып отыр, – дейді кейіпкеріміз. 

Оның айтуынша, ҚТЖ қызметкеріне бұл бағдарламаға қатысып, өзін көрсете білу үшін айқын мақсат пен ынта керек. Себебі, әрбір модуль сайын сіздің табандылығыңыз сыналып, біліміңіз шыңдалады. 

Ақпаратты алып қана қоймай, онымен бөлісу басты шарттардың бірі болып саналатын бағдарлама төрт модульден тұрады екен. 

«Бірінші модуль – ішкі тренерлер тренингі. Яғни, тренинг дегеніміз не, қандай түрлері болады, ішкі және сыртқы тренерлердің айырмашылығы, корпоративті және бизнестегі тренинг, андрогогика секілді негізгі ұғымдармен танысу. Екінші модуль – шешендік өнер. Ұшқыр ойдың қас қағымда тілге орамдылығы, дер кезінде дәл мағынасын дөп басар бейнелілігі, мәнді сөздердің мәйектілігі, аталы сөз, кемеңгер ой мен шебер сөз өнерін ұғыну. Үшінші модуль – тренинг құрылысы. Пайдалы әрі қызықты тренинг өткізу үшін қолданылатын тәсілдер мен құралдар қыр-сырын үйрену. Төртінші модуль – фасилитация. Топқа нақты, анық, түсінікті нұсқау беру арқылы топтың өз бетімен бір нақты шешімге келуіне ықпал ету. Және соңғы деңгей, алған біліміңді қорғап, тренер атына лайықтығыңды дәлелдеу. Мақсатың айқын болса, армандарың орындалады. Ал осы армандардың орындалуына ықпалын тигізіп жатқан Қазақстан темір жолына үлкен алғысымды білдіремін. Және де келешекте ҚТЖ-ның үздік әрі мықты ішкі жаттықтырушыларының бірінен болуға өзімді жан-жақты дайындаудан, ізденуден жалықпаймын. Сонда ғана мен өз ісімнің білгірі бола аламын», – деп ой түйіндейді Кәмшат Тиштықбаева.