Маңғыстауға жүретін пойыздар қайта жанданды

Шахида Жуманова

Шахида Жуманова

Коронавирус індетінің өршуі салдарынан шілде айында Маңғыстау өңірінде жолаушылар қатынасының бес бағыты тоқтаған еді. 

Бүгінде билет кассалары қайта ашылып, жолаушылар қатынасы жолға қойылуда. 

Бірінші қыркүйекте облысішілік №657/658 Маңғыстау-Бейнеу-Маңғыстау пойызы жүре бастады. 

25 қыркүйектен Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Атырау, Алматы бағыттары да бірте-бірте іске қосылмақ. 25 қыркүйек күні түбектен ұйымдастырылатын №77/78 Маңғыстау-Алматы, Маңғыстау-Ақтөбе және №313/314 Атырау-Маңғыстау, 26 қыркүйектен №37/38 МаңғыстауНұр-Сұлтан-Нұрлы жол бағыттарындағы пойыз жолға шығатын болады. Алғашында вагондар саны бұрынғыдай көп болмайды. 

− Әзірге алты вагоннан шығаруды жоспарлап отырмыз. Вагондар санын жолаушылар легіне қарай реттейтін боламыз, сұраныс өссе, тағы да вагон қосамыз. Егер санитарлық жағдай бірқалыпты болып, жолаушылардың сұранысы артса, онда вагон санын 17-18-ге дейін жеткізуіміз мүмкін. Пойыздардың кестесі бұрынғыша Алматыға күн сайын, Нұр-Сұлтанға күнара қатынайды. Алматыға алты пойыз жүреді. Оның тек екеуі Маңғыстаудікі, қалғаны Алматыдан шығады. Сол екі пойызда 32 вагон бар, оның жартысы өткен жылы алынған жаңа плацкарт вагондар. Елорда бағытында жүретін 39 вагонның барлығы да жаңа, оның жартысы плацкарт болса, жартысы купе, – деп мәлімет берген «Жолаушылар тасымалы» АҚ Маңғыстау телімінің бастығы Батыр Чилимбаев қазірде алғашқы лекте жүретін вагондардың жолға дайындығы пысықталуда екенін жеткізді. Вагондарды жолға әзірлеу жұмыстары қыркүйектің бірінен басталыпты. 15 қазанға дейін жолаушылар тасымалының барлық вагоны қысқы маусымда қатынауға дайын болатын көрінеді. 

Әрине, вирус қаупі әлі де сейілмегендіктен пойызбен жүретін жолаушылар белгілі талаптарды сақтауы тиіс.