Тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жаратуда

Шахида Жуманова

Шахида Жуманова

Тұрмыстық қатты қалдықтардың қоршаған ортаға төгілуі топырақ қабаттарын аяусыз ластап, жер-ананың табиғи күйіне қайта келу үдерісін қанша мыңдаған жылдарға ұзартып жіберуі мүмкін. Сондықтан қолданыс қалдықтарын шығару сауатты жүргізілсе, оның экологияға кері әсері азайып, зиянынан гөрі пайдасы мол болмақ.

Осыны басшылыққа алған Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесі кеңсе қалдықтарын шығаруда «бір оқпен екі қоянды атып» отыр. Бөлімшеде қазір қалдықтар қоқыс контейнерлеріне бейберекет, қалай болса солай араластырып тасталмайды. 

Қызметкерлер әр қалдықты өз жәшігіне салады. Одан олар ұтпаса, ұтылмасы анық. Есесіне қоқыстар есебінен ақшалай айырбас негізінде алуына болады. Әрі мұның адамнан бөлек табиғатқа да пайдасы болмақ. 

Сондықтан Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесі осы жылдың басынан бастап қалдықтарды рет-ретімен бөліп шығаруға көшкен. Бұл үшін арнайы мекемемен қаңтар айында келісімшартқа отырып, қайта өңделетін қалдықтарды ақшалай айырбас негізіндегі қажет нәрсеге ауыстыруға келісілген. Сол шарттың күшімен тапсырған қоқыс негізінде осы уақытқа дейін 50 дана экобокс және кеңселік таза қағаздар алған. Аталған экобокстарды бөлімшеге қарасты станциялар мен вагон және локомотив деполарына қойған. Сөйтіп, тұрмыстық қалдықтардан да пайда тауып, кәдеге жаратуда. 

− Қазіргі экологиялық басты мәселе қоқыстарды өзінің әртүрлі топтарына қарай бөлу болып тұр. Сондықтан біз Маңғыстау теміржолы сол шаруамен айналысудамыз. Себебі бүкіл дүниежүзі бойынша қоқыстардың артуы, олардың шірімеуі түрлі мәселелер туындатуда. Бұл топырақ, су, ауа қабатын ластап, кейбір елдерде тіпті алаңдатарлық жағдайға жеткізген. Оның әсері адам, жан-жануар болсын, бүкіл табиғатқа орны толмас шығынға алып келуі мүмкін. Сондықтан біздің елде Президенттің жарлығы бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды өздерінің орналасу орнына байланысты бөліп тастау және қайта өңдеу жайында күрделі мәселені шешуге қадам жасалуда. Осы тұрғыда бөлімшеміз бойынша қайта өңдеуге болатын қалдықтарды тапсыру бойынша біраз жұмыстар жасалуда. «Вест Ақтау» мекемесімен келісімшарт жасасып, осыған дейін екі рет бөлек жиналған қалдықтарды өткіздік. Ақпан айында жалпы барлығы 850 кг тұрмыстық қалдықтар тапсырған едік. Осы айда тағы да өткізіп, 1115 кг жеткіздік. Оның ішінде 35 кг картон, 34 кг пластик, қалғаны – қолданылған қағаз, – дейді бұл туралы Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінің жетекші инженер экологы Ақкүміс Шәудірбаева. 

Оның айтуынша, енді олар тек өңделмейтін қоқыстарын шығарумен айналысады. Қайта өңделетін қағаз, пластик, шөлмек қалдықтар мекемелерге қойылған көлемі 50 литрлік үш түрлі жәшікке бөлек-бөлек жинақталады. Бұл жөнінде мекеменің инженер экологтары техникалық сабақтарда қажетті түсінік беріп, біраз жұмыстар жүргізген. 

– Жұмыс барысында экологиялық қауіпсіздікті сақтау, жүк тасымалында қауіпті жүктердің, мұнай, жанармай сияқты сұйық жүктердің төгілмеуін қадағалау бағытында жұмысшылармен әр тоқсан сайын екі-үш рет техникалық сабақтар жүргіземіз. Мұнымен айналысып қадағалап отыратын вагон және локомотив деполарында бір-бірден инженер экологтарымыз бар. Атқарылған жұмыстардың нәтижесі болар, жыл басынан бері ешқандай кері көрсеткіштер тіркелмеді, – дейді Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінің жетекші инженер технологы.