Жұмыс сапасына кепілдік бар

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін сақтау мақсатында тәулік бойы жол бойынан табылатын жолшылар жұмысы қашан да қауырт. Елдегі эпидемиялық ахуалдың әсерінен сақтана жүріп жоспарлы жұмыстарын атқаруда. Себебі, жол күтімін жасауға ештеңе де кедергі бола алмақ емес. 

Жылжымалы құрамдардың қауіпсіздігіне кедергі болатын салдарларды жою және жол табанын дәстүрлі комиссиялы тексеруге сай ету үшін күздің алғашқы айында жұмыс бұрынғыдан да қызған. 

Бүгін біз Қызылорда станциясының солтүстік алқымындағы 18 бағыттамалық бұрма маңында Қызылорда жол дистанциясы өндірістік бөлімінің жол шебері Жомарт Дәненовтің басшылығымен крестовина ауыстыру жұмыстарымен айналысып жатқан жолшылармен жолықтық. Жол бригадирі Нұрсұлтан Смайлов, жол монтерлері Асанхан Спан, Дәулет Бейімбетов және Әнуар Қасымбаев белгіленген уақыт аралығында бекітілген тапсырманы орындау үшін крестовина ауыстыруға қажетті домкрат, шаблон, кілт секілді құрал-саймандарын тиімді пайдаланып жұмыс жасап жатқан топтың кәсіби қимылына сүйсінбеске амалың жоқ. Бір-бірін айтпай ұғатын жолшылардың ұқыпты да әбжіл қимылы жұмыс сапасына сын тудырмасы анық. 

Жолшылар кестемен өткізілетін пойыздардың қозғалысына кедергі жасамас үшін шапшаң әрекет жасағанмен, сақтық шараларын да ұмытпайды. 

Рельстің бекітпе болттарын босатып, крестовинаны дәнекерлеп құюға әзірлеп, аралықтың өлшемін шаблонмен өлшеп алып, бір-біріне кедергі жасамай, және арақашықтықты сақтап қимылдауда. 

– Станцияның солтүстік алқымындағы 18 бағыттамалық бұрма крестовинасын технологиялық талапқа сай ретке келтіру жұмысы бүгінгі күнге жоспарланған. Жұмысқа қажетті құрал-сайман жеткілікті. Станциялық жол болғандықтан қозғалыс жиі, сондықтан бекітілген уақыт аралығында жұмысты аяқтап үлгеруіміз керек. Әріптестерімнің бәрі – 5-6 разрядты тәжірибелі жолшылар. Сондықтан жұмыс сапасына сын болмайтынына кепілдік беремін, – деді дистанцияның өндірістік бөлімінің жол шебері Жомарт Дәненов.