Семейде онлайн режимде дәріс өтті

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Жуырда Семей ЖТ бөлімшесіне қарасты мекемелер мен еншілес ұйымдар және ӘТЖК Семей филиалының қызметкерлері үшін теміржол саласы бойынша стратегиялық маңызды нысандар аумағында, соның ішінде вокзалдар сынды қоғамдық орындардағы террорлық қауіптің алдын алу мақсатында онлайн режимде дәріс өткізілді. 

Әуелгі кезекте діни экстремизм және терроризмнің алдын алу бойынша жұмыс жүргізетін Семей станциясы ЖІІБ криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі Еркебұлан Құдайбергенов баяндама жасап, аталмыш мәселенің өзектілігіне тоқталып өтті. Сонымен қатар, ҚР Заңнамасы бойынша лаңкестіктің алдын алу және экстремистік сипаттағы құқықбұзушылықтарға жол бермеу шараларын ұйымдастыру жайында сөз қозғады, терроризм мен экстремизмге қарсы тұрудағы нормативтік-құқықтық актілермен таныстырды. 

Сонымен қатар, қалалық әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің өкілі сөз алып, терроризм мен экстремизмге жол бермеу мақсатындағы органдар жұмысына шолу жасап, мониторингтік шаралар жайында мағлұматтар берді. Баяндамашы өз сөзінде террорлық актілер ұйымдастыруға шақыратын немесе зорлық-зомбылықты, ішкі тұрақсыздықты қолдан ұйымдастыруға үндейтін, діни алауыздықты қоздыратын сипаттағы ақпараттардың таралмауына да күш салынып жатқанын атап өтті.

Осы орайда әсіресе әлеуметтік желілер, ғаламтордағы күмәнді сайттар қатаң сүзгіден өтеді. Заң алдында жауапкершілікке тартатындықтан мұндай материалдарды сақтаудан, таратудан теміржолшылар қауымы немесе олардың отбасы мүшелері де сақ болуы қажет.

Мұнымен қоса, дәріс кезінде деструктивті діни ағым арбауына түспеу, іріткі салушы ұйымдардың заңсыз миссионерлік жұмысы туралы да сөз қозғалды. Онлайн жиын барысында теміржол вокзалы сынды қоғамдық орындардан күдікті зат табылған жағдайдағы ісәрекет бойынша да түсінік берілді.