«Мектепке жол» акциясы аясында 180 балаға сыйлық жасады

Шахида Жуманова

Шахида Жуманова

Республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесі жағдайы төмен отбасы балаларына оқу құралдары мен сөмкесін алып берді. 

Соның ішінде бөлімше филиалына қарасты мекемелер – 100, бөлімше әкімшілігі – 80, барлығы 180 баланы қамтыды. Оларға арналған мектепке қажетті бұйымдарды бөлімше директоры Нәжімеден Ғұбашов өз қолымен табыстап, балақайлардың білімді де тәрбиелі азамат болып өсеріне сенім артты. Алдағы оқу жылына сәттілік тілеп, жас өркендердің ел тұтқасын ұстар азаматтар болып жетілуіне тілектестік білдірді. 

− Теміржолшылар – қашанда белсенді халық. Олар өз жұмыстарын да, қоғам қажеттілігін де ұмытпайды, барлығын бірлесе алып жүре алады. Маңғыстау өңірінен қаншама теміржолшы Праймеризге қатысып жатыр. Қазір, міне, қоғамның бір мәселесін шешуге атсалысып, акцияға қолдау жасап отыр. Жаңа оқу жылында тұрмыс тіршілігі төмен жанұялардың балаларына оқу формасы мен құралдарын алып беру тұралы Мұнайлы ауданынан ұсыныс түскен еді. Ұсынысын қолдап, қолдан келгенін аянып қалмадық. Пандемия кезінде аудандық емханаға дәрігерлердің індетпен күресуіне қолғабыс етіп, көлікпен қамтып отырдық. Жалпы, мұндай қайырымдылық шаралары алдағы уақытта да жалғасын таба бермек, – деді Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Нәжімеден Ғұбашов. 

Айта кетсек, бүгінгі таңдағы ең маңызды саяси оқиға – Праймеризге Маңғыстаудан да бірқатар теміржолшылар бақ сынап жатыр. Солардың бірі Нәжімеден Ғұбашов өз бағдарламасында аудан жастарының рухын көтеру үшін спорттық кешендер ашу, қылмыстың алдын алу, жұмыссыздықпен күресіп, жұмысқа тарту, «Болашаққа бастар жол» бағдарламасымен жастарды жұмысқа орналастыруға септік ету, теміржол шаруашылығында жүк көрсеткішінің қарқынын арттырып, Қиыр шығыс, Еуропаға шығу тетіктерін жетілдіру сынды мәселелерді шешуді алға қойып отыр.