Ұстазы жақсы қандай-ды

Шахида Жуманова

Шахида Жуманова

Маңғыстау вагон пайдалану депосы тәжірибелі вагон қараушыларының бірін зейнеткерлік демалысқа шығарып салды. Депо ұжымы өмірінің қырық жылдан астам уақытын вагон шаруашылығына арнаған Ильяс Елеусиновқа құрмет көрсетіп, қимай қоштасты. 

Ардагер теміржолшыға депо бастығы Сәрсенбай Есенқұлов пен кәсіподақ комитетінің төрайымы Саня Лахова, Маңғыстау вагондарға қызмет көрсету пунктінің бастығы Ерболат Сәулебаев жылы лебіздерін айтып, еңбегіне ризашылық білдірді. Алғыс хатпен марапаттап, арнайы естелік, сый-сияпат табыс етті. 

− Ильяс Бисембайұлымен 2000 жылдан бері бірге жұмыс істедік. Осы түбектегі вагоншылардың жартысы осы кісінің шәкірттері болса, соның бірі – мен. Алғаш жұмысқа келгенде осы кісінің тәрбиесінде болып, вагон қараушының кілтін қалай ұстайтынды, вагонның бөлшектерінен ақауды қайтіп табуды, тағы көп нәрсені үйренгенмін. Өзі жұмысына тиянақты, еңбексүйгіш адам, білмегеніңді түсіндіруден жалықпайтын. Жинақтаған тәжірибесі өзгелерге үлгі боларлықтай. Соның арқасында түрлі ақауларды анықтап, бірнеше рет түрлі марапаттарға ие болды, Өткен жылы вагонның бүйірлік рамасынан ірі көлемді жарықты анықтап, үлкен апаттың жолын кескен ерен еңбегі бағаланып «Қозғалыс қауіпсіздігі» төсбелгісіне ие болды. Осындай маманның шәкірті болғаныма мақтанамын, – дейді Маңғыстау вагондарға техникалық қызмет көрсету пунктінің бастығы Ерболат Сәулебаев. 

Иә, талай жасқа вагон шаруашылығының қырсырын танытып, нағыз теміржолшы етіп тәрбиелеуге үлес қосқан ұстаздың атына айтылған алғыс пен құрмет бұл күні аз болған жоқ. «Ұстаз – шәкіртімен жасай береді» деген, демек ардагер зейнетке кетсе де артында қалдырып бара жатқан шәкірттері барда теміржол үшін ететін еңбегі осымен аяқталмақ емес. 

Әлі талай жыл бойына жалғаса бермек. Бір жұмыстан табан алмай қырық жылдан артық ғұмырын арнаған тұрақтылығы мен табандылығы қаншама жас вагон қараушыға үлгі болмақ. 

Бас-аяғы 47 жыл 8 ай теміржолдың вагон саласында жұмыс істеген Ильяс ағаның жары Сания апа да теміржолдан зейнетке шыққан ардагер. 

Екеуі де теміржолдың ыстығы мен суығын көре жүріп бақытқа бірге жеткен жандар екен. Соның арқасында екі қыз, бір ұлын ешкімнен кем қылмай тәрбиелеп жеткізіп, бүгінде өсіп-өнген үлкен шаңырақтың алтын діңгегіне айналып отыр.