Бір отбасыға көмек көрсетті

Асхат Райқұл

Асхат Райқұл

Елімізде орын алған пандемиялық жағдайға байланысты атымтай жомарт азаматтар, өзге де жанашыр жандар айналасына қол ұшын созып, қамқорлық танытып жатқанына куәміз. 

Бұл сауапты үрдістен теміржол бойындағы қызметкерлер де қалыс қалып жатқан жоқ. Өткен аптада Шу станциясындағы желілік полиция бөлімі қызметкерлері қайырымдылық шарасына атсалысты. Олар Шу теміржол вокзалы аумағына жақын орналасқан елдімекендегі әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетіп, мұқтаж жандардың алғысын алды.

Іс-шара барысында көлік сақшылары үй-жайы жоқ, мейірімді жандардың көмегімен жалдамалы пәтерде тұратын, екі баланы жалғыз тәрбиелеп отырған жұмыссыз анаға күнделікті тұтынатын тұрмыстық азық-түлік пакеттерін тапсырды. Сондай-ақ, қашықтан білім алып жүрген балаларына оқу құралдарын жеткізіп берді.

Теміржол полициясы қызметкерлерінің мүндай ілтипаттарына дән риза болған жалғызбасты ана алғысын жаудырды. Көлік сақшылары өз кезегінде мұндай іс-шараларды бұдан кейін де ұйымдастырып тұратындықтарын атап өтті.