Қатал маусымға қамданыс қалай?

Асхат Райқұл

Асхат Райқұл

Жамбыл магистральдық желі бөлімшесіне қарасты теміржол мекемелері алдағы қысқы маусымға әзірлік жұмыстарын ширатып жатыр. Күздің алғашқы айы да әне-міне орталап қалды, суық та көп күттірмесі анық. Дайындық экономикалық ахуалды зерделеп, жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Бұл туралы бөлімшенің бас инженері Нұрлан Баялиев айтып берді. 

Нұрлан Арғынбайұлының сөзіне қарағанда, ең алдымен Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінің басшылығымен бірлесіп, қар тазалау жұмыстарының жоспары жасалған. 

«Өңірдің Жуалы аумағын қамтитын бірнеше станциясында қыс мезгілінде қар қалың түсетіні белгілі. Қар құрсауында қалмас үшін жыл сайын нақты шаралар жоспарын әзірлеп, сол бойынша іс-қимыл жасаймыз. Олай етпесек, бұл пойыз қозғалысына да, жүк тасымалына да айтарлықтай кедергі келтіреді», – деп атап өтті бас инженер. 

Бүгінде қар тазалайтын техниканы орналастыру бекеттері анықталып, жұмысшылардың құрамы бекітіліпті. Онымен қоса, жұмыс орындары қатаң есепке алу жабдықтарымен және дабыл қағуға қажетті керек-жарақтармен жабдықталған. Дәл қазіргі кезде шаруашылық пен жауапты кадрлардың дайындығы 65 пайызды құрайды екен. Н.Баялиев күзгі байқау шаралары Жамбылда 14 қыркүйекте басталып, айдың соңына дейін жалғасатынын айтып өтті. Оған дейін бұл көрсеткіш те өсе түсетін болмақ. 

Сервистік және техникалық ғимараттардың дайындығы әзірге 89 пайызды құрап отыр екен. Алдағы қыс маусымына әзірліктің арнайы жоспарына сәйкес, 158 қызметтік-техникалық ғимараттар мен үйжайлардың, 141 ғимараттың есік-терезелері ретке келтіріліп, жылу жүйелерінің жағдайы тағы бір пысықталуы тиіс. 

«Жамбыл магистральдық желісінің нысандарын жылытатын 9 қазандық бар, оның 7-уі қатты отынмен қыздырылады да қалған екеуі дизельді отынмен жұмыс істейді. Дәл қазіргі таңда 6 қазандық пайдалануға дайын тұр. Сонымен қатар 85 электр қазандығы кеңсе ғимараттарында, электрмен жабдықтау нысандарының, сигнал беру және байланыс орталықтарының ғимараттарында орналасқан. Соның ішінде 62 электр қазандығы қысқы маусымға пайдалануға сақадай сай тұр. Қалған 23 электр қазандығына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жылу магистралін қысқа әзірлеу бойынша жоспар 0.224 км құбыр – толық орындалды. Қардан қорғайтын қоршаулардың да ағымдағы жөндеу жұмыстары 100 пайыз аяқталып, 1,7 км ретке келтірілді. Енді ПЧ-50-ге қардан қорғайтын 800 қалқан сатып алуды жоспарлап отырмыз. Ал пайдаланудағы қар тоқтатқыш қалқандардың ағымдағы жөндеуден өткендері 2,4 км жетті. Оның 1 шақырымын ПЧ-48 атқарса, қалғанын ПЧ-50 мойнына алған болатын. Сонымен қатар 3 шақырымнан астам қар жинайтын орынды күрделі жөндеу жұмыстары күтіп отыр. Бұл шаруаны ПЧ-52 атқаруы тиіс», – деп мәлімет берді Нұрлан Баялиев.

Станция жолдары мен бұрылыстарды қоқыстар мен шөптерден тазарту жұмысы 88 пайыз орындалыпты. Ал көмірге деген ішкі қажеттілік 5 446 тоннаны құрайтын болса, мұның бір тоннасы да жеткізілмеген әлі. Техникалық көмірдің керегі 2 750 тонна болса, бүгінде оның 911 тоннасы ғана тиісті орындарға әкелінген.

Деполардың жоспарына сәйкес қар тазалайтын 6 техниканы жөндеу қажет болған болса, бүгінде оның 5-уі жұмысқа әзір. 2 СДПМ құрылғысын ПЧ-48 дайындаса, ПЧ50, ПЧ-52 бір-бір техникадан жөндеген.

Ал ПЧ-51 1 СМ қондырғысын жөндеуден өткізсе, енді 1 СДПМ техникасын әне-міне дайындық сапына қоймақ. Теміржолға арналған жабдықтарды дайындау 85 пайызға орындалған.

«Сонымен қатар қысқы уақытта жұмыс істеу үшін көлік құралдары да сақадай сай тұруы тиіс. Әзірге 287 көліктің 226-сыдайын тұр. Ал бірінші рет қыс маусымында жұмыс істегелі жатқан 124 маманды арнайы оқытуды жоспарлап отырмыз, бүгінде 89 адам біліктілігін арттырып үлгерді. Олар өндірістік тәжірибеден өтіп, алғашқы білім сынағынан сәтті өтті және жұмысқа жіберілді», – деген Нұрлан Арғынбайұлы қысқы арнайы киіммен қамтамасыз ету әзірге 53 пайызға орындалғанын айтты. Яғни, қажетті 9 846 арнайы киімнің 5 247-сі ғана теміржолшыларға үлестірілген.

Қысқы дизельдік отынмен қамтамасыз етуде де жұмыстың баяулығы аңғарылады.

Мәселен, алдағы маусымға қажетті 616 428 литр жанармайдың бүгінде 20 266 литрі ғана жеткізіліпті. Қысқы дизель отынын ЭЧ-21, ВП-36, ВП-37 мекемелері ішінара ғана алған.