Кешенді шаралар легі атқарылуда

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясының те- міржолшылары пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін сақтауды арттыру мақсатында сырбойылық теміржолшылар өз мекемелеріндегі салалық нысандардың жай-күйін бақылап, қысқа дайындық жұмыстарын бастап кетті.

Дистанцияның аға электромеханиктері Сәбит Қайрулла мен Жалғас Қалмағанбетов станцияның солтүстік алқымындағы жол бойына орналастырылған байланыс құрылғыларының жағдайын, ішкі-сыртқы бекітпелерінің мықтылығын тексеріп, сырттан не іштен өздігінен тұйықталу, бұзылу секілді кедергілердің алдын алу, жалпы алғанда байланыс құрылғыларының жұмыстан тыс қалмауы үшін оларға күтім жасап, бақылаудан өткізумен айналысуда. Электромеханиктердің сигналдарды жалғағыш С-4 муфтасын тексеру сәтіне біз де куә болдық. 

– Станциялық жолдардың солтүстік алқымдағы жол бойына орналастырылған байланыс құрылғыларының монтаждалу жұмыстарын бақылап, тексеруден өткізіп жатырмыз. Әзірге құрылғылардың монтаждалу жұмысында оғаш нәрселер кездескен жоқ. Жалпы күнделікті күтімге алынған байланыс құрылғыларының жұмыстан тыс қалуы тіркелген жағдайда оны дереу орнына келтіруге күш саламыз. 

Бүгінгі тексеру жұмысымыз құрылғыларды қысқа дайындық барысындағы кешенді шаралардың бірі болып саналады. Байланыс құрылғыларының жайкүйін, монтаждалуын, олардың жұмысын тағы бір тексеріп, бақылаудан өткізіп жатырмыз. Мына С-4 сигналдардың жалғағыш муфтасынан осы маңайдағы бағдаршамдарға сигнал таратылады, әзірге муфта жұмысы қалыпты екенін байқаймыз, – деді қолдарындағы тексеру құрылғыларымен бір қарағанда өрмекшінің торындай торланып, шиеленісіп, бір-бірімен ретті-ретсіз шатастырылып бекітілгендей болып көрінетін сигналдар муфтасының тетіктерін тексеріп отырған дистанцияның аға электромеханигі Сәбит Қайрулла. 

Сигналдар муфтасының қыс алдында тексеріліп бақылаудан өткізілуі маңызды. Оның ішіне сырттан жасалатын әсерлердің салдарынан тетік сымдарының бекітпесінің босауы, таттануы секілді өзгерістер де сигналдың жоғалуына себеп болуы мүмкін екен. Сондықтан муфта қақпағының герметикалық қағидаларға сай берік бекітіліп сырттан шаң-тозаңның түспеуі, жауын-шашынның енбеуі муфтаның технологиялық талаппен жұмыс жасауына негіз болатындықтан оның қақпағының бекітілуінің де өз ерекшелігі бар екен.