Дәстүрлі форумы онлайн форматта өтеді

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Биыл Қазақстан машина жасаушыларының дәстүрлі форумы онлайн форматта өтеді. Кезекті VIII форум 17 қыркүйек күні басталады. 

Форум осы жылдар ішінде жетекші қазақстандық және шетелдік машина жасау кәсіпорындарының басшылары, орталық мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор мен даму институттары, бизнес қауымдастықтар өкілдерінің, сондайақ машина жасау өнімдерінің ірі тұтынушылары арасындағы диалог алаңына айналды. Сонымен қатар индустриядағы басты салалық ісшараға айналды. Шараны ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Қазақстан машина жасаушылар одағы ұйымдастырады. 

Форум аясында ұйымдастырылатын «Kazakhstan Machinery Fair 2020» машина жасау және металл өңдеу бойынша І Халықаралық мамандандырылған көрмесі де 17- 20 қыркүйек аралығында онлайн платформада өтеді. Бұл көрмеде отандық және шетелдік жетекші машина жасаушылардың өнімдері ұсынылады. 

Форум өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолдауымен «Машина жасау – Қазақстанды индустрияландыру драйвері» деген тақырыпта өткен болатын. Форумда жаңа заман талабы жағдайында саланы дамытудың стратегиялық бағыттары, импорт алмастыру, өндірісті ынталандыру, жас мамандардың мәртебесін арттыру, цифрландыру жағдайында жаңа тәсілдерді талқылау сияқты маңызды және өзекті тақырыптар талқыланды. Қатысушылар соңғы жылдары машина жасау саласы жаңа экономикалық жағдайларға жедел бейімделіп, тұрақты өскен салалардың біріне айналғанын, Индустрияландыру жылдары машина жасау және металл өңдеу саласында 130 жаңа өндіріс іске қосылып, 14 мың тұрақты жұмыс орны ашылғанын атап өткен. Бір топ машина жасау саласының үздіктері «Құрметті машина жасаушы» төсбелгісімен марапатталды. Олардың қатарында «Теміржол жөндеу» ЖШС және «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ өкілдері болды.