Сандық жүйеге енгізілуде

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Қызылорда магистральдық желі бөлімшесінің Қызылорда станциясындағы техникалық кітапхана қызметкерлері теміржолшылардың салалық мерзімдік басылымдарға сұранысын, ақпараттарға қажеттілігін орындау мақсатында кітапхана қорындағы мағлұматтардың электронды каталогын ұйымдастыруда.

Мерзімдік басылымдар, танымдық ақпараттар, нұсқаулықтар мен 28371 дана кітап қоры бар Қызылорда техникалық кітапханасынан жыл басынан бері жеті жүзден аса оқырман келіп рухани, техникалық біліммен сусындаған екен. Кітапхананың кітап қорында кітаптардан бөлек СНИП-тің 53 түрі, стандарттардың 29-ы, инструкция, ереже және әдістемелік нұсқаулықтардың 110 түрі бар екен. Және де мерзімдік басылымдардың 39 түрінің 9291 данасы архивте сақталған. 

Ағымдағы жылдың сегіз айында салалық мекемелерде мамандар күні өткізіліп, ақпараттандыру жұмыстары жүргізілді. Мәселен, Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясында «техникалық диагностика саласындағы жаңа шешімдер» тақырыбындағы мамандар күні сөрелерге 28 материал қойылған, «Машинистер, сіздер үшін» тақырыбындағы Қызылорда локомотив пайдалану депосындағы мамандар күні машинстер қауымына 31 материал ұсынылған. 

Техкітапхананы цифрлы жүйеге енгізу шаралары жоспарлы жүргізіліп, ақпарат қорлары сандық жүйеге енгізілуде. 

Мәселен, 8 ай ішінде техникалық әдебиеттер қорындағы 61 кітаптың 18651 беті сандық жүйеге көшіріліп, жоспар 90 пайызға орындалыпты. Ал өткен жылдың сәйкес мерзімінде жоспардың 5 пайызы жүйеге енгізілген екен. 

Салалық мекемелерге арнайы барып, кітап көрмесін ұйым дастырып, теміржолшылардың сұранысын қанағаттандыру кітапхана қызметкерлерінің салалық міндетінің бір парасы саналады. 

Сондықтан олар жыл басынан бері бұл шараларды карантин мерзімі жарияланған кезеңге дейін өткізген, «Өнертапқыштар, Сіздерге!», «Даңқты Түрксібке – 90 жыл» тақырыбында 8 мәрте кітап көрмесін ұйымдастырып, 167 материал сөрелерге қойылған. 

Сонымен қатар «Теміржол саласын қайта құру» тақырыбына 17 материалмен виртуалды көрме де әзірленіп, теміржолшыларға ұсынылған. 

– Ағымдағы жылдың сегіз айында электронды кітап каталогы ИРБИС-64 жиынтығына 214 библиографиялық жазба енгізілді. Аймақтағы эпидемиялық ахуалға байланысты ақпараттандыру жұмыстары қатаң карантиндік жүйеде жүргізілуде. Абоненттердің кітап пен мерзімдік, танымдық ақпараттарға сұранысы орындалуда, – деді техникалық кітапхана кітапханашысы Райхан Темірғазиева. 

Абоненттердің шеңберлі поштасына сұранысқа қарай құжаттар дайындау жұмыстары оңтайлы жүргізіліп, теміржолшылардың жұмыс орнында отырып-ақ қажет құжаттармен танысуына мүмкіндік жасалуда. Осы кезге дейін абоненттердің шеңберлі поштасына қағазға көшірілген нұсқамен 56 папкаға 224 материал топтастырылып, 18 абонентке жеткізілген. Сонымен қатар электронды құжаттарды жеткізу барысында 121 абонент пайдаланылып, 173 журнал оқылса, салалық 10 журналдың электронды көшірмесі даярланған.