Малға сырға салуды сұрайды

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

«ҚТЖ» ҰК» АҚ қарасты барлық мекемелер теміржол бойына бөгде адамдардың және малдың шығып кетпеуіне қатысты профилактикалық жұмыстарды үздіксіз жасағанымен жол бойындағы кедергілер тыйылмай отыр. 

Ақтөбе жол дистанциясының аумағында жыл басынан бері жылжымалы құрамдар 14 рет шұғыл тежеу беріп, 4 малды басып кетті. Жол инженері Мақсат Жұбаниязовтың айтуынша, дистанция аумағына жататын Қандыағаштан Жайсаңға дейінгі 290 шақырымдық жолды толық жабу мүмкін емес. Сол үшін жолдың елді мекендер орналасқан тұсында малдан қорғану үшін қоршаулар тұрғызылады. Соған қарамастан қоршауды бұзып өтіп, айналып өтіп теміржолға шығып кетеді екен. 

 «Қатты жылдамдықта жүріп келе жатқан жылжымалы құрам жолға малдың шығып кетуіне байланысты 14 рет шұғыл тоқтатылды. Оның 10 жағдайында мал басылған жоқ, яғни сонша адамның ақадал малы аман қалды деген сөз. Адамдар неге ойламайды екен, асырап отырған төрт түлігі пойызға басылып арам өлгені жақсы ма? Төрт рет мал басылды. Оның бірінде жолға шыққан жылқының құлағында ен болмағандықтан иесі табылған жоқ. Салдарынан теміржолға келген шығынды өтейтін жауапты адам табылмай отыр. Қатты келе жатқан пойыздың мал қағуы кезінде тепловоз майысады, рельс зақымданады. Пойыздың жоспардан тыс шұғыл тоқтауы – үлкен шығын. Уақыттан кешігу – белгілі бір ақшадан ұтылу», – дейді Ақтөбе жол дистанциясының жол инженері Мақсат Жұбаниязов. 

Ақтөбе жол дистанциясы басшылығы тарапынан аудандық және селолық округ әкімдеріне хаттама жіберіп, аудан тұрғындары арасында ірі-қара малды темір жол аумағында жаю, сондай-ақ теміржолдың арғы бетіне өткізу тәртібі туралы түсіндірме жұмыстары ұдайы жүруде. Теміржолшылар барлық мал иелері мен жеке қожалықтар арасында санақ жүргізіп, малға сырға салуды сұрап отыр. Шаруа қожалығы иелеріне теміржол бойына мал жайылуға болмайтындығына қатысты түсіндірме парақшаларын таратуда. Жолға шығып кеткен ірі қара үшін ҚР әкімшілік кодексінің 559-бабының 1-тармағына сәйкес мал иесіне айыппұл салынады.